Батыс өңірінде қуаңшылықтан қырылып жатқан малды аман алып қалуға қол жинаған ерікті Құрмет Талапқазы Жаңа жыл қарсаңында баспаналы болмақ. Осы мақсатта ASSYLTAS қоры үй сатып алуға 9 млн қаржы бөлді.
Алматыда 2021 жыл бойы өткізілген «ASSYLTAS стипендиясы» және «ASSYLTAS Бизнес-гранттары» байқауларының қорытындылары шығарылды.
Қоғамдық маңызы бар төрт номинация бойынша стипендия жеңімпаздары «Асылтас» қоғамдық қорының сайтында ашық халықтық дауыс беру, сондай-ақ екінші турда қазылар алқасы мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды.
«Ғылым» номинациясында стипендиат ғалым-физик Сымбат Бөлегенова, «Әдебиет» номинациясында қазақстандық жас ақын Айнұр Төлеу болды. «Журналистика» номинациясын «7 арнаның» тілшісі Данияр Әлімқұл, ал «Спорт» номинациясын дзюдошы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов жеңіп алды.
Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі туралы «Ұлт ұстазы – Ахмет» фильмінің режиссері әрі сценарий авторы Мұрат Есжан ASSYLTAS стипендиясының иегері атанды.
Жыл басында жарияланған «бизнес-гранттар» беру конкурсы 18-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Оған қатысу үшін қатысушылардан презентация жасау және бейнеролик дайындау талап етілді. Онда әлеуметтік мәселелерді ескере отырып, өз бизнесі және даму жоспарлары туралы айтып беру көзделді.
Нәтижесінде жеңімпаздар өз кәсіпорындарын дамыту үшін ірі ақшалай сомаларға ие болды. Үшінші орын мен 1,5 млн теңге көлеміндегі грантты Болатхан Әділбек пен Ақмарал Иманалиева иеленді. Екінші орын мен 3 млн теңгені Елдос Еңсеген жеңіп алды. Абсолютті жеңімпаз және 5 млн теңгенің иегері жас кәсіпкер Азамат Есполов атанды.
Сонымен қатар, салтанатты кеште «ASSYLTAS» қоғамдық қоры белгілі журналист Мақсат Толықбайға 9 млн теңге табыс етті. Жақында ол ерікті Құрмет Талапқазы үшін тұрғын үй сатып алуға қаражат жинауды ашқан болатын. Еске салсақ, Құрмет Талапқазы жаз айларында жеке бастамасы бойынша Маңғыстау облысына қуаңшылық салдарынан қырылғане малға жем жіберді. Мақсат Толықбай бастамасына барлық қазақстандықтар белсенді үн қосып, 10 млн теңге жиналды. Алайда, баспана алуға тағы 9 млн. теңге жетпеді. Бұған дейін уәде етілгендей, Жеткіліксіз соманы еліміздің танымал меценаты, «ASSYLTAS» қорының құрылтайшысы Дулат Тастекеев берді.