Мектеп оқушылары арасындағы үздік ораторлар белгілі болды
28 қарашада Оқушылар сарайында Тұңғыш Президент күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекесіне орай ұйымдастырылған Ұлттық мектепшілік пікірсайыс турнирінің финалы өтті.
Ұлттық турнирдің ең үздік спикерлері болып қазақ тілді қатысушылардан – Аяна Битанова («Ритория» командасы, Ақтөбе қ.) және орыс тілді қатысушылардан – Мейрам Тамирлан («Император» командасы, Петропавл қ.) атанды.
Сондай-ақ тамаша ораторлық өнер көрсетіп үздік спикер дипломымен марапатталған пікірсайысшылар – қазақ лигасының қатысушылары Аружан Күрімова («Ритория» командасы, Ақтөбе) мен Бақытжан Тамерлан («Leaders of Almaty» командасы, Алматы қ.) және орыс лигасының қатысушылары Михаил Дудинов («Almaty New Generation» командасы, Алматы қ.) пен Мұратұлы Мақсат («Жетісу» командасы, Талдықорған қ.).
Турнир финалында қазақ лигасының «Ритория» мен «Leaders of Almaty» командалары 1-орын үшін таласқа түсті. Ал орыс тілді лигада финалға өткен – «Пламя» және «№60 мектеп-лицей» командалары.
Жас пікірсайысшылар өз алаңдарында еліміз үшін өзекті мәселелерді белсенді түрде талқылады. Полемика өткір әрі қызықты болды: қатысушыдарды белгілі бір шаққа тасымалдайтын кеңістік-уақыттық форматтан бастап, мемлекеттік тілді дамыту және Тәуелсіздігіміздің ең маңызды жетістіктерін анықтауға дейін.
Турнир қорытындысы бойынша қазақ лигасында жеңімпаз атағына ие болған – Ақтөбе облысының «Ритория» командасы.
Орыс лигасының жеңімпаздары – Атырау облысының «Пламя» командасы.
Екінші орында – Алматы қаласының «Leaders of Almaty» командасы (қазақ лигасы) және Нұр-Сұлтан қаласының «№60 мектеп-лицей» командасы (орыс лигасы).
Үшінші орынды қазақ лигасында Шымкент қаласының «Рахметкелесі» және Атырау облысының «Алдаспан» командалары бөлісті. Ал орыс лигада – ШҚО-ның «Эффект бабочки» және Алматы қаласының «Almaty New Generation» командалары.
Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтарды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы табыс етті. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміздің жетістіктері жайлы ойлансақ, осы залда отырған жастарды біздің басты жетістігіміз дер едім. Өз пікірін қорғай білетін білімді де жігерлі жастар, сіздер – біздің жасампаз, сындарлы жас ұрпағымызсыздар! Алға қойған мақсаттарыңызда табандылық пен қайсарлық тілеймін. Қандай саланы таңдасаңыз да кәсібиліктің жоғары деңгейіне жетіңіздер!», – деп түйіндеді Әлкей Марғұланұлы құттықтау сөзінде.
Білім және ғылым вице-министрі Бибигуль Асылова турнир ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп: «Бүгін елордамызда өтіп жатқан Ұлттық турнирге қатысуларың – сендердің қажырлы еңбектерің мен батылдықтарыңның нәтижесі. Соңғы екі күнде жаңа әсерлерді алып, бұдан соң дебат қозғалысына басқа жастарды тартатындарыңа сенімдімін. Бүгінгі жеңістерің келешекте сәттілік әкелсін. Келесі жылы сендермен кездесеміз деп үміттенемін!», – деп атап кетті.
Марапаттау рәсіміне «Елбасы Академиясы» ҚФ басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, ҚР БҒМ РҚББОӘО директоры Раиса Шер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким және басқа қоғам қайраткерлері қатысты.
Соңғы 15 жылда елімізде ұлттық деңгейдегі мектепшілік пікірсайыс турнирі өткізілген жоқ. Биылғы жылы турнирді Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қоры мен ҚР БҒМ РҚББОӘО ұйымдастырды.