ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сақтандыру сыйақыларының бір бөлігі субсидияланатын сақтандыру өнімдерін әзірлеп, бекіткен болатын. Қазіргі таңда бұл тізімге сегіз бағыт кіреді.
Өсімдік шаруашылығында топырақтың ылғал тапшылығы индексі бойынша 3 фазада сақтандыру, топырақ ылғал тапшылығы индексі бойынша 2 фазада сақтандыру, топырақтың артық ылғалдылық индексі бойынша сақтандыру, күздік дақылдарды топырақтың ылғал тапшылығы индексі бойынша сақтандыру.
Мал шаруашылығында ірі қара малды сақтандыру (қалыпты және кеңейтілген қамту), ұсақ малды сақтандыру (қалыпты және кеңейтілген қамту), жылқыларды сақтандыру (қалыпты және кеңейтілген қамту), құстарды сақтандыру.
Фермерлер «Agroinsurance» ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, Qoldau.kz сайтында өз активтерін сақтандыра алады.
2021 жылы сақтандыру компаниялары 144,8 мың га егінді, оның ішінде 121,3 мың га құрғақшылықтан, 23,5 мың га топырақтың артық ылғалдылықтан сақтандырды.
Топырақтағы ылғалдылықты индекстік сақтандыру бойынша жасалған 112 шарт аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 176,1 млн теңге сомасында субсидия төленді. Сақтандыру жағдайларының орын алуы нәтижесінде жасалған 92 шарт бойынша төлемдер 825 млн теңгені құрады.
Мал шаруашылығы саласында 6200 ірі қара мал басы, 354 бас ұсақ мал, 2,1 миллион құс басын сақтандыру бойынша 39 шарт жасалған. Сақтандыру сыйақыларын субсидиялау сомасы 51 млн теңге құрады.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы агроөнеркәсіп кешені саласында жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды. Оның бұрыннан жұмыс істеп келген өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесінен бірнеше ерекшеліктері бар.
Біріншіден, агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру ерікті түрде жүргізіледі. Екіншіден, аграрлық сектордың кез келген бағыты сақтандырылады. Үшіншіден, сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Бұл – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыруға және сақтандыру шартын жеңілдетуге бағытталған. Сақтандыру сыйақы сомасының 50 %-ын мемлекет субсидиялайды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында жүйеде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істей алады.
Сонымен қатар, әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар үш халықаралық қайта сақтандыру компаниясы тартылды. Олар отандық компаниялар сақтандыратын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру тәуекелдері туындаған жағдайда кепілді төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіптік кешеніндегі сақтандыру саласындағы оператор «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ болып табылады.