2019 жылы ел аумағында заңсыз 9 мың қоқыс алаңы анықталды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Санкцияланбаған қоқыс алаңдарының өсіп келе жатқанына баса маңыз беру керек. Ғарыштан жасалған мониторингке қарағанда, 2019 жылы ел аумағында заңсыз 9 мың қоқыс алаңы анықталды. Министрлік олардың бәрін жою кестесін әзірледі. Олардың 30 пайызы (2,7 мыңы – көлемі 400 мың тонналық қоқыс) жойылды. Ал бұл көлем айналып келгенде Ақтөбе облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында бір жылда жиналып қалатын қоқыспен тең», – деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ өткен халыққа есеп беру кездесуінде.
Әйтсе де министр кейбір өңірде мұндай қоқыстарды жою жұмыстары бұрынғысынша қалып қойып жатқанын айтады. Атап айтқанда Ақтөбе мен Ақмола облысында қоқыстың жойылу деңгейі 3 пайыздан аспайды.
«Заңсыз қоқыс төгу мәселесін шешу үшін Экологиялық кодексте қоқыс таситын көліктерге GPS орнату жоспарланып отыр», – деді ол.