PoliticsБасты

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Еуропа елдерінің жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев Еуропа елдерінің Қазақстандағы жаңадан тағайындалған елшілері – Бельгия Елшісі Анри Вантигем, Италия Елшісі Марко Альберти, Румыния Елшісі Мадалина Лупу және Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы Кестудис Янкаускастан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастарын одан әрі дамыту мәселелерін талқылау шеңберінде Е.Әлімбаев пен А.Вантигем 2021 жылға жоспарланған бірлескен іс-шараларды, соның ішінде Вена қаласында (Аустрия)  Парламенттер спикерлерінің 5-дүниежүзілік конференциясы алаңында екі ел Парламенттері спикерлерінің кездесуін, сондай-ақ Бельгияның «AWEX»  және «FIT» өңірлік агенттіктері бастаған экономикалық миссияның Қазақстанға сапарын талқылады.

Тараптар Қазақстанға басқа Бельгия инвесторлары мен компанияларының келуі үшін қосымша ынталандыру болып табылатын Қазақстандағы «Benelux» Сауда палатасы жұмысы басталуының маңызын атап өтті.

ЕО өкілдігінің басшысымен келіссөздер барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ жақын, орта және ұзақ мерзімді өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындады.

2021 жылғы 5-6 қазанда гибридті форматта өткізу жоспарланып отырған «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» азаматтық форумын ұйымдастыруға және жоғары деңгейдегі сапарларды өткізуге ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің орындалу барысы жан-жақты талқыланды.

М.Альбертимен кездесуде Е. Әлімбаев Қазақстан мен Италия арасындағы сындарлы саяси диалогтың, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың дәйекті дамып келе жатқанын ризашылықпен атап өтті.

Елдеріміз арасындағы сауданың едәуір көлемі мен Қазақстанға құйылған итальян инвестицияларын назарға ала отырып, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығына назар аударылды.

Румынияның жаңадан тағайындалған Елшісі М. Лупумен кездесу барысында Е. Әлімбаев дипломатты қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның алдағы жұмысы Қазақстан мен Румыния арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Тараптар екі ел арасында достық қарым-қатынастар мен сындарлы саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.

Кездесулердің қорытындылары бойынша Е.Әлімбаев дипломаттардың қызметтеріне сәттілік тіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button