Гаитиде жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 1941-ге жетті, ал жарақат алғандар 10 мыңға жуықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетілмей жатыр. Елдегі ауруханаларда бос орын жоқ. Жергілікті билік үйінділер астында тағы адамдар болуы мүмкін деп топшылайды. Іздестіру жұмыстарына АҚШ-тың қорғаныс күштері аймаққа 8 тікұшақ пен 7 кеме жөнелтті. Ал баспанасынан айырылған 30 мың тұрғын уақытша шатырларда түнеуге мәжбүр.
Естеріңізге салайық, 7,2 балдық жер сілкінісінен 100 мыңға жуық ғимарат жермен жексен болды. Құтқару жұмыстарына қатты жел мен нөсер жауын кедергі келтірген. Мамандар «Грейс» атты тропикалық дауыл кеше Гаитиді жағалай өтіп Ямайкаға қарай бет алғанын айтады.