ШҚО әкімі аймақтағы мектептердің құрылысына қатысты кеңес өткізді. Даниал Ахметов мәселені жан-жақты зерттеп, демографиялық жағдайды талдап, қай елді мекенде және қанша орындық мектеп салу керектігін айқындау қажет деді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысының айтуынша, тиімді дайын типтік жобаларды пайдаланған жөн. Слардың бірі – Тавриядағы мектеп.
«Бұл өте сәтті жоба, осындай жобаларды көбейту керек. Құжаттамаларды әзірлеу өте қымбат процедура. Ал, типтік жобалар бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Д.Ахметов.
Болашақта Урунхайка ауылында жүз орындық мектеп салынады және бұл жобаны басқа елді мекендер үшін де қолдануға болады. Бұдан бөлек, келесі жылы Семейдің Қарағайлы және Ет комбинаты аудандарында мектептер салу жоспарланып отыр.
«2023 жылы Өскемендегі облыстық драма театрдың артынан бір мектеп ашылады. Өйткені бұл өте қарқынды дамып келе жатқан аудан. Жыланды, Белоусовка кенттері мен Қапай ауылына да жаңа мектеп салынады. ҚР Білім және ғылым министрлігі салуға дайын 32 мектептің ішінен бізге 25-і өте қажет», – деп атап өтті облыс әкімі.
Кеңесте 2021-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспар құру қажеттігі айтылды. Онда оқу орындарын қайда салу керектігі, қай мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі нақты жазылады. Бұл алдағы уақытта ең алдымен қаржыны дұрыс бөлуге және салған мектепке бала толмай қалып, артық шығындалып қалмауға көмектесетін жоспар болады.