ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев 2022 жылдың соңына дейін Қазақстанда кірпіш шығаратын жаңа 14 зауыт салынатынын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Қазір арматура өндіретін жаңа 3 зауыт салынып жатыр, соның есебінен 100 пайыз отандық нарық қамтамасыз етіледі. Ал кірпішке келсек, бүгінде елімізде 1 ірі, 11 орташа және 276 шағын кірпіш шығаратын кәсіпорын бар. Олар 2 түрлі кірпіш жасайды, силикат және керамикалық. Қазіргі уақытта аталған өнеркәсіптер ішкі нарықты 62 пайызға кірпішпен қамтамасыз етіп отыр. Оның үстіне былтырмен салыстырғанда биыл кірпіш өндіру көлемі 2 есеге артып отыр. Елдегі сұранысты толық қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңына дейін елімізде кірпіш шығаратын жаңа 14 зауыт салу жоспарланып отыр. Олар жылына 440 млн дана кірпіш шығара алады. Сонда отандық нарықты толықтай өз өнімімізбен қамти аламыз», – деді Қ. Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.