SocialБасты

Нұр-Сұлтанда 400 отбасы пәтер кілтін алды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Елорда күні кезекте тұрған 400 отбасы баспаналы болғанын мәлім етті. Баспаналы болғандар кезекте тұрған азаматтар: жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Елорда күні қала тұрғындары қоныс тойын тойлап жатыр. Мереке қарсаңында тағы 400 отбасы көптен күткен пәтер кілтін алды. Бұл кезекте тұрған азаматтар: жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер және т.б.

Әлеуметтік тұрғын үй қаланың барлық ауданында салынуда. Бүгін пәтер кілті Есіл ауданындағы (Пригородный елді-мекені) және Алматы ауданындағы (Қошқарбаев көшесі мен А 104 қиылысы) тұрғын үй кешенінен берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл Нұр-Сұлтанда 10 мың жеңілдікті әлеуметтік пәтер салынады. Тек соңғы үш жылдың ішінде қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 еседен астамға ұлғайтылатын болады. Мәселен 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, ал 2020 жылы 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді.

Бұдан басқа, тұрғын үй сертификатының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық, Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санатын кеңейттік: медициналық қызметкерлер, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады.

Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін баспана» бағдарламасы биыл да жалғасады. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам жас баспаналы болады. Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында 350 жасқа пәтер кілті тапсырылған болатын. Сол сияқты 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын (әлеуметтік несиелеу) іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Елорда күнімен тағы да құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және табыс тілеймін!» — деп жазды елорда әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button