Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 12,7 триллион теңгеден асты. Бұл БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Бәрімізге белгілі, бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.
2021 жылғы 1 қаңтардан 1 маусымға дейінгі бес айдың ішінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 654,2 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс есептелгенін атап өту маңызды. Бұл өткен жылдың бес айымен салыстырғанда 155 млрд теңгеге немесе 31% артық. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 5,3%, ал инфляция 3,5% болды. Соңғы 12 айда инфляция 7,2%, кірістілік 11,7% көрсетті.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.
Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 5,3 трлн теңге болды. 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 36,1% болды.
Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алсақ, таза инвестициялық табыс 6,2 триллион теңгеден асты. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 640,01% құрады. Ал инфляция 517,53% болды. Осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енгізілген сәттен бастап 2021 жылғы 1 маусымға дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 122,48% көрсетті.
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған орынды. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш болып табылмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты.