PoliticsБасты

Қазақ-үнді қатынасы. Йогадан дәріге дейін

Кеше елордада Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Шубдаршини Трипати БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени, экономикалық, сауда, білім саласындағы байланыстар талқыланып, елші өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстандағы Үндістан елшісі қызметіне жақында ғана кірістім, осы аз уақыт аралығында мейірімді әрі жомарт жандар мекені ретінде әрі өзіндік сұлулығымен Қазақстан менің жүрегімді жаулап алды. Мен өз тарапымнан кәсіби миссиямды сәтті орындап, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыта аламын деп сенемін», деді елші қазақстандықтардың қонақжайлығын алға тартып.

Оның айтуынша, Үндістан мен Қазақстан арасындағы ежелгі әрі тарихи байланыс шамамен 2000 жыл бұрын басталған. Содан бері екі ел байланысы тек тұрақты тауарайналыммен ғана шектелмей, өзара идея алмасумен де, мәдени тұрғыдан да үзілмей келеді.

«Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы сауда және инвестициялар саласындағы ірі серіктесі. 2019 жылғы соңғы деректерге сәйкес Үндістан мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауданың жалпы көлемі 1.86 млрд АҚШ долларын құрады. Үндістанның сауда-өнеркәсіп палаталарының федерациясы мен Қазақстанның сыртқы сауда палатасы екі ел арасындағы сауда, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету үшін Бірлескен Іскерлік кеңес құрды және біз екі ел арасындағы сауда көлемі одан әрі де ұлғаятынына сенеміз», дейді ол.

Елші Қазақстандағы йоганың, үнді фильмдерінің, үнді биі мен музыкасының танымалдылығы да екі ел арасындағы тығыз мәдени байланыстың бірден бір көрінісі екенін айтады.

Шубдаршини Трипати гуманитарлық салада да екі стратегиялық серіктес бір-біріне үнемі көмектесетінін айтып, Үндістандағы коронавирусқа байланысты жағдай өршіген кезде Қазақстанның көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

«2019 жылғы маусымда Арыс қаласындағы оқ-дәрілер қоймасындағы жарылыстардан кейін Үндістан Қазақстанға бомбаларды залалсыздандыру үшін костюмдер берді. Ол зардап шегушілердің санын азайтуға мүмкіндік берді. COVID-19 пандемиясының өршуі кезінде де Үндістан үкіметі Қазақстанға гидроксихлорохин таблеткаларын гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Ал биыл біз тап болған коронадағдарыс кезінде Қазақстан Үндістанға арнайы рейспен медициналық жабдықтар жеткізді, сол үшін біз Қазақстан халқына ризашылығымызды білдіреміз», деді ол.

Кездесу соңында елші журналистердің қоғамға дұрыс, сапалы ақпараттың жетуіне жауапты екенін атап өтіп, оларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button