Аягөз гарнизонында әскери көпсайыс түрінен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өтетін турнирге іріктеу кезеңі өтті. Гарнизон бойынша іріктеу кезеңіне 50-ге жуық әскери қызметшілер қатысып, сайыстың төрт түрінен бақтарын сынады, деп хабарлайды Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.
Атап айтар болсақ, спортшылар 100 және 3000 метрге жүгіру, салмағы жарты келіден асатын Ф-1 гранатасын қашықтыққа лақтыру, сондай-ақ, белтемірге тартылу сынды сайыстардан кіл мықтыларды анықтады.
Бүгінгі өткізіп отырған жарыстың негізгі мақсаты – Аягөз гарнизонының намысын байрақты бәсекелерде қорғайтын сайдың тасындай мықты әскери қызметшілерді іріктеу. Осындай шаралар барысында әскерилердің қарым-қабілеті мен дене даярлықтарының қандай деңгейде екенін байқауға болады. Ал, қазір өздерінің баптары мен бақтарын қатар сынағалы тұрған спортшыларға тек сәттілік тілеймін, – деді жарысты ұйымдастырушылардың бірі артиллериялық әскери бөлімнің спорт және дене дайындығының бастығы аға лейтенант Ақылбек Сәбитов.
Мықтылар қатысқан жарыс қорытындысы бойынша 100 метр қашықтыққа жүгіруден аға лейтенант Сартай Елдос өзінің нағыз желаяқ екенін дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрініп қана қоймай, сондай-ақ Ф-1 гранатасын 75 метр қашықтыққа лақтырып бірінші орынға ие болды. Ал, 3000 метр қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмай оза шапқан ефрейтор Әділбек Әсемхан үздік деп танылды. Сонымен қатар Әділбек өзінің білектілігі мен ептілігін көрсетіп белтемірге 37 рет тартылтылып жарыстың осы түрінен де жеңімпаз атанды. Негізінен гарнизон бойынша әскери көпсайысқа 7 команда қатысты. Жалпы командалық есепте ұпай санымен рекативті артиллериялық дивизион бөлімшесі І орынды иеленсе, ІІ орынды штаб батальоны командасы қанжығаларына байлады. Жүлделі ІІІ орынды мотоатқыштар батальонының спортшылары қанағат тұтты.
Аталмыш жарыс жеңімпаздары мақтау қағаздарымен, медальдармен және артиллериялық әскери бөлім командирінің кубогімен марапатталды. Айта кетейік, әскери көпсайыс түрінен топ жарып үздік атанған жауынгерлер маусым айының 28-і күні «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өтетін дүбірлі додада Аягөз гарнизонының намыс қорғайтын болады.