Елімізде балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті
Жалпы республика бойынша биылдың өзінде 17 оқиға тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді. Ал, Шымкентте жасөспірімдердің терезеден құлау дерегі тіркелмепті. Десек те, төтенше жағдайға жауапты мамандар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда «Қауіпсіз үй» акциясы аясында департамент ардагерлерінің қолдауымен терезелерге арнайы қауіпсіз құрылғылар орнатылуда. 50 дана құрылғы сатып алынып, қаладағы көп балалы және аз қамтылған отбасылардың үйлері мен пәтерлеріне орнатылып берілді. Сала мамандары «құлау жағдайларының көпшілігі ата-аналар балаларды қараусыз қалдырғанда болады» дейді.
Бауыржан Ізбасаров, қалалық ТЖД зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласында бақылау басқармасының бастығы:
– Қауіпсіздік кілт дегеніміз, ол қондырғы пластикалық терезелерге орнатылады. Ашылуын шектейді. Соның салдарынан балаларды құлаудан сақтайды. Департамент қызметкерлері мен қазір жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға орнатып жатыр.