SocialБасты

Химиялық заттардың ағып кеткені туралы ақпарат жалған – ҚазГӨЗ директоры зауыттағы өрт туралы

«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры Нақберген Төлепов 16 маусымда кәсіпорында болған өрт бойынша түсінік берді.

«Кеше жергілікті уақыт бойынша сағат 22.15-те компрессорлық цехте ауа тоңазытқышының тұтануы орын алды. Біз дереу отты ауыздықтау және сөндіру бойынша шаралар қабылдадық. Газ қабылдау тоқтатылып, зауытты толығымен апаттық тоқтату жүзеге асырылды. Отты сөндіруге жеке өрт сөндіру топтары мен ТЖД күштері жұмылдырылды. Сағат 22.52-де өрт толығымен жойылды. Ең бастысы қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады Н. Төлепов.

Оның айтуынша, сағат 23.30-да мамандар кәсіпорынды шектеулі режимде іске қосуға кірісті. Қазір зауыттың жүктемесі шамамен 30 пайызды құрап отыр. Кәсіпорынды толық қуатына шығару үшін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, Н. Төлепов өрттің салдарынан тек ауа тоңазытқышының көтергіш конструкциясы ғана бүлінгенін атап өтті. Негізгі жабдыққа зиян келген жоқ.

Бұған қоса, ҚазГӨЗ директоры оқиға кезінде химиялық заттардың ағып кетуі туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан қауесетті жоққа шығарды. Ол алаңдауға негіз жоқ екенін баса айтты.

«Бұл жабдық шикі газды ауа-су әдісі арқылы салқындату үшін қолданылады. Бұл жабдықта қандай да бір химиялық заттар пайдаланылмайды. Сондықтан жұмыскерлер және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіптің жоқ екенін сеніммен айта аламын», – деді Н. Төлепов.

Оның пікірінше, зауыттың қызметі жақын арада толығымен қалпына келтірілетін болады және сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету бойынша ауытқулар орын алады деп күтілмейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button