AgroБасты

Түркістан облысының үш жылыжай шаруашылығында қызанақ пен бұрыштың қауіпті вирусы анықталды

Ауыл шаруашылығы саласының маусымы басталғанға байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті карантиндегі өнімді, тұқымдық және көшет материалын әкелу мен әкетуді бақылауды, сондай-ақ қызанақ пен бұрыш өндірумен айналысатын шаруашылықтарды тексеру жұмыстарын күшейтті. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Фитосанитариялық карантиндік бақылау нәтижесінде Түркістан облысының үш жылыжай шаруашылығында қызанақ пен бұрыштың қауіпті жоғары патогенді карантиндік вирус анықталды: қызанақтың қоңыр әжім вирусы (ToBRFV).

Вирус ПТР-талдаулар негізінде «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ Алматы аймақтық карантиндік зертханасы растады.

Бұл вирус агрессивтілігімен және жылдам таратылуына байланысты жылыжай шаруашылықтарына өте қауіпті. Өңірде фитосанитарлық жағдай нашарлап кетпеу үшін Түркістан облысының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары қызанақтарды қайта өңдеу және жою туралы нұсқама берді. Ошақтарда тиісті карантиндік іс-шаралар жүргізіледі.

Бұған дейін хабарланғандай, Комитет фитосанитариялық бақылау бекеттерінде өсімдіктер карантині бойынша бақылауды күшейтті. Биыл 4 айда ToBRFV жұқтырған көкөніс өнімдерін (Әзірбайжан – 17, Түркіменстан – 19, Иран – 6, ҚХР – 2, Түркия – 8, Өзбекстан – 24) әкелудің 76 фактісі анықталды. Барлық жүк экспорттаушы елдерге қайтарылып, тауар иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысында қызанақ вирусының анықталуына байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың тапсырмасы бойынша өңірге жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу үшін Министрліктің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы шұғыл жетті. Алмабек Марс шағымданып, көмек сұраған түркістандық фермерлермен кездесу өткізді. Жұмыс сапарының нәтижелері бойынша, Комитет тиісті шешім қабылдайтын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button