Қазақстан халықаралық авиарейстер санын арттырды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 6 мамырдағы шешіміне сәйкес, Черногория, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Қырғызстан, Өзбекстан және Нидерланды бағыттары бойынша тұрақты халықаралық әуе рейстерін келесі бағыттар бойынша ашуға және ұлғайтуға рұқсат етілді:
1. Черногория:
– 2021 жылғы 15 мамырдан бастап Қазақстан тарапы үшін аптасына 5 рейспен Алматы – Подгорица – Алматы, сондай-ақ Қазақстан тарапы үшін аптасына 3 рейспен Нұр-Сұлтан – Подгорица – Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша жолаушылар рейстері ашылады.
2. БАӘ:
– 2021 жылғы 10 мамырдан бастап Алматы – Дубай – Алматы бағытында тұрақты рейстер санын әр тарап үшін аптасына 5-тен 7 рейске дейін және Нұр-Сұлтан – Дубай – Нұр-Сұлтан бағытында әр тарап үшін аптасына 3-тен 5 рейске дейін ұлғайтылады.
3. Қырғызстан:
– 2021 жылғы 15 мамырдан бастап Қазақстан тарапы үшін аптасына 7 рейспен Алматы – Тамшы – Алматы бағытында жолаушылар рейстері ашылады.
4. Өзбекстан:
– 2021 жылғы 15 мамырдан бастап әр тарап үшін аптасына 2 рейспен Алматы – Самарқан – Алматы бағытында жолаушылар рейстері ашылады.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 20 мамырдан бастап «Эйр Астана» АҚ-ның Атырау – Франкфурт – Атырау бағытындағы рейстерін кезең-кезеңмен Атырау – Амстердам – Атырау бағытындағы рейстерге ауыстыруына рұқсат етілді. Басында 1 рейспен, әрі қарай Нидерланд тарапынан шектеулердің алынып тасталуына қарай 2 рейске дейін арттыру көзделеді.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.