Кездесуде «Nur Otan» партиясының Төрағасына «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды.
Партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, Премьер-Министр А.Мамин Сайлауалды бағдарлама елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың жалғасы екенін айтты. Ол партияның алдына ауқымды әрі нақты мақсаттар қойғанын, оны бағындыруға қажетті барлық ресурс жеткілікті екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президентіне 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, Үкіметтің жаһандық дағдарыс жағдайында ұлттық экономиканың өсу қарқынын сақтау жұмыстары туралы баяндалды.
Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларындағы көрсеткіштер біртіндеп жақсара бастағаны айтылды.
Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде (+7,5 пайыз), құрылыс (+13,1 пайыз) пен ауыл шаруашылығында (+2,8 пайыз) өсім бар екені атап өтілді. Сондай-ақ машина жасау (+21,8 пайыз), фармацевтика (+9,1 пайыз), химия өнеркәсібі (+14,2 пайыз), металлургия (+2,3 пайыз), жеңіл өнеркәсіп (+3,1 пайыз) пен отандық экономиканың басқа да бірқатар салаларында өсудің оң қарқыны байқалуда. Тау-кен металлургия секторын қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 34 пайызға артты.
Осының бәрі ІЖӨ-нің болжанған нақты өсімін 2021 жыл қорытындысы бойынша 2,8 пайыздан 3,1 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Инфляция 4-6 пайыз аралығында болады деп болжанып отыр
Сондай-ақ Үкімет басшысы нақтыланған республикалық бюджет жобасы туралы баяндады. Оның шығыстары «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын, Елбасының стратегиялық бастамаларын және Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар қаржыландыру COVID-19 індетіне қарсы ауқымды күрес іс-шараларын жүзеге асыруға, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттің жұртшылық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, сондай-ақ негізгі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталады.
Елбасы ел экономикасындағы көрсеткіштерді жақсарту үшін жүйелі жұмыс атқарудың маңыздылығына тоқталды.
– Экономиканың негізгі көрсеткіштері қалпына келіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл жақсы үрдіс. Машина жасауда өсім шамамен 22 пайызды құрады. Жеңіл өнеркәсіп те қарқынды дамып келеді. Жалпы өңдеу өнеркәсібі, құрылыс секторы, агроөнеркәсіптік кешен мен басқа да бірқатар салаларда өсім бар, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Әңгіме барысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және вакцина салдырған азаматтардың санын көбейтуге бағытталған жұмыстар жайлы айтылды.
Елбасы жұртшылық арасында вакцина салудың мән-маңызы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
– Денсаулықты күту керек. Бетперде тағып, қолды жиі жуып жүрген жөн, көпшілік шараларға бармау, міндетті түрде екпе салдыру өте маңызды. Сонда ғана осы күрделі кезеңнен өте аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.