Сенат өнім сапасына қатысты заң қабылдады
Парламент Сенатының жалпы отырысында «ЕАЭО-ның техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің ЕАЭО шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
Құжаттың негізгі мақсаты – ЕАЭО аумағында айналыстағы барлық өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелерінен туындайды.
«Бүгінгі таңда айналысқа шығарылатын өнімнің 85 пайызы Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық регламенттерімен реттеледі. Бұл тамақ өнімдерінен бастап, балалар индустриясының тауарлары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да өнімдер түрлерінің кең тауар номенклатурасына арналған техникалық регламенттер. Ұсынылып отырған заң жобасында өнімнің қалған түрлерін реттеу қарастырылған. Біріншіден, бұл ЕАЭО-ның бірыңғай техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімдер. Екіншіден, ЕАЭО деңгейінде өнімге қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген өнімдер», – деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Cұлтанов.
Оның айтуынша, өнімнің бірыңғай тізбесі тұтыну және пайдалану кезінде қауіптілігі жоғары тәуекелдермен сипатталатын өнім түрлерін қамтиды. Бұл тізбе ЕАЭО-ға мүше елдердің және халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген.
«Біз осы Келісімнің реттеу объектісіне жататын тауарлар номенклатурасына талдау жасадық. Негізінен, бұл әлеуетті қауіп төндірмейтін өнімдер. Бүгінгі таңда оған қойылатын талаптар жоқ. Тізім үлкен емес, шамамен 15 позициядан тұрады. Мысалға айта кетсек, сағаттар, тұрмыстық щеткалар, жасанды әшекейлер және басқалары кіреді. Өнім туралы мәліметтерді ақпараттық базада жинақтау көзделеді. Олар тұтынушылар үшін қолжетімді болады. Ақпараттық ресурс нарықтағы жағдайға мониторинг жүргізуге және жаңа өнім түрлерінің пайда болуына жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл ретте Келісіммен шығарылатын өнімнің қауіпсіздігін бизнестің өз еркімен қамтамасыз етуі үшін икемді жағдайлар белгіленеді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жеткілікті шарты жарияланған стандарттарға немесе сынақтардың нәтижелеріне сәйкестігі болып саналады. Мұндай тәсіл бизнес үшін әкімшілік кедергілер тудырмайтынын атап өтеміз», – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Келісімді іске асыру мақсатында тәртіпті реттейтін өнім айналысы қағидаларының жобасы әзірленді. Осы ережелермен кәсіпкер толтыратын құжатты және жоғарыда айтылғандай, осы құжат қабылданатын өнімдер тізімін бекіту қарастырылған. Қазіргі уақытта бұл қағидалар бизнес-қауымдастықпен және «Атамекен» Ұлттық палатасымен талқылануда. Жалпы алғанда жан-жақты түсіністік бар.
Бүгінгі таңда ЕАЭО-ға мүше үш мемлекет Келісімді ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді аяқтады.
«Қорытындылай келе, келісімді ратификациялау келесі мәселелерді шешуді қамтамасыз ететінін атап өткім келеді: мемлекет үшін – барлық өнімнің қауіпсіз айналысын қамтамасыз етудің құқықтық шарттарына қол жеткізеді, бизнес үшін – адал кәсіпкерліктің кепілі болады, тұтынушы үшін – сапалы өнімді таңдауға мүмкіндік береді», – деді Бақыт Сұлтанов.