11 жасынан бастап трактор жүргізіп, халықты еңбекқорлығымен, батылдығымен тәнті еткен тракторшы қыз Арайлым Құршанбек Түркістан облысы Жетісай ауданының Асықата кентінде дүниеге келген. 18 жастағы ару – бүгін Түркістан облысындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 1-курс студент, болашақ тіс дәрігері.
«Jana-kezen» ақпараттық сайтының тілшісі Арайлымды сөзге тартып, көпшілікке қызық сұрақтарға жауап алды. Арайлым болашақта нені таңдайды: Стоматологияны ма, жер жыртуды ма? Арайлымның бала кездегі арманы қандай еді? Бірге білейік.
Жер жырту ісін қашан, қалай бастадыңыз? Бұл іске деген өз қызығушылығыңыз болды ма?
Ең алғаш әкемнің жанында жүріп, трактор айдап көрдім. Кейін өзім жеке жүргізіп бастағанда ақырындап жер жыртып бастадым. Бәрі өз қызығушылығымнан басталды, шынымды айтсам, осы іспен айналысқаннан ләззат аламын, жаным рахаттанады. Бастапқы кезде бәрі қызығушылықтан басталғанымен кейін қызығушылық табыс көзіне айнала бастады.
Отбасыңыз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз? Ата-ана, тума-туыстарыңыз бұл іске «қыз баласы айналысатын іс емес» деп қырын қарамай ма?
Отбасымда 5 адам: анам, әкем және екі ағам бар. Бәріміз ауылда тұрғаннан кейін де шығар, өзіміздің жеке кәсібіміз – ауыл шаруашылығы, оның ішінде диқаншылықпен айналысамыз. Үйде тракторды анамнан басқа барлығы жүргізе алады, бірақ көбіне – ағам екеуміз жүргіземіз.
Басында бәрі «кішкентай ғой, жүре берсін» деген көзқараста болды. Ата-анам қарсылық танытпағанымен, ағаларым «қыз балаға жараспайды», «болашақта айналысатын ісің емес» дегендей пікірде болды. Бірақ өзімнің ынта-ниетімнің, осы іске деген махаббатымның арқасында бәрін жеңдім десем де болады. Қазір олар керісінше маған қолдау көрсетеді.
Қыз балаға мұндай іспен айналысу ауыр емес пе? Тұрмысқа шығып жатсаңыз, бұл істі жалғастырамын деп ойлайсыз ба?
Иә, келісемін, қыз бала табиғатынан нәзік болып келеді. Үнемі жаныңда әкең, ағаң болмағасын кейде топырақты тегістейтін маланы және басқа да трактор тіркемелерін көтеруге мәжбүр боласың. Сондай кездерде бұл істің ауыр тұстарын сезінемін. Бірақ көңілім бұрып тұрғана соң, ауырлығына аса мән бермеймін. Мен кішкентайымнан салыстырмалы түрде әкеме жақын болып, көбінесе әкемнің жанынан бір елі қалмай жүретінмін. Сондықтан да осы салада жүрген шығармын.
Болашақта тұрмысқа шықсам, бұл істі жалғастыра аламын ба білмеймін, ол кезде жарымның, оның отбасының көзқарасымен, пікірімен санасуым керек қой. Бірақ, «қалауын тапсаң – қар жанады» демекші, барынша бұл істі тастап кетпеуге тырысамын, оған қоса бұл істі кішігірім кәсіп ретінде жалғастыру ойымда бар.
Трактор жүргізу, жер жырту кезінде басыңыздан өткен қызық оқиғалар бар ма? Біреуін баяндап берсеңіз…
Шынымды айтсам, қызық оқиғалар өте көп. Бірін баяндап берейін. Трактор айдау деген ол – математика ғой, әр қимылың есеппен жасалуы керек. Бір қателік жіберсең, бірдеңеге барып соғылып, апатқа ұшырауың мүмкін.
Мен тракторды енді жүргізе бастағанда, тәжірибем жоқ қой, көршінің ауласына барып соғылғанмын. Бірден жылап жіберіп, ештеңе дей алмай үйге кетіп бара жатқаным есімде. Қазір есіме түссе күлкім келеді. Бұрылып кетіп бара жатқанымда бір кісі айқайлайған дауысын естідім. Қарасам жаңа мен ауласын соғып кеткен көршім екен. Мен екенімді көргеннен кейін бе, әйтеуір ештеңе демей жібере салды, әрине. Бірақ қатты ұялғаным, әлі есімде.
Жер жыртуға күніне қанша уақыт жұмсайсыз?
Жер жырту ісінде соқа ілу деген бар, оған өте көп уақыт кетеді. Ал мен шыжыл, бара, бес сирақ, жеті сирақ ілемін. Негізі жер жырту кезінде қанша уақыт жұмсалатынына бірнеше фактор әсер етеді: бәрі жердің көлеміне (гектар), тазалығы мен тегістігіне байланысты. Мысалы, менің күніне кем дегенде 2 сағат уақытым кетеді. Бірақ бір жердің өзін күні бойы жүріп, бітіре алмайтын кездер де болған.
Қазір стоматология саласы бойынша білім алып жатырсыз. Болашақта қай істі алып жүремін деп ойлайсыз? Өзіңізге қайсысы жақынырақ?
Мен үшін екеуінің біреуін таңдау өте қиын. Мен екеуін де алып жүргім келеді және алып жүремін де. Болашақта екеуінің біреуін таңдауға мәжбүр болмасам екен деп тілеймін. Стоматология саласын бірнеше сынақтан өтіп, өзім таңдап бардым ғой. Ал трактор жүргізу менің балалық шағымнан бергі қызығушылық танытып, 6-7 жыл уақытымды арнап келе жатқан ісім. Қазір оқу екеуін қалай бірге алып жүрсем, кейін де жұмыспен бірге алып жүремін деген ойдамын.
Кішкентай кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
Бала кезімде дәрігер болуды, оның ішінде акушер-гинеколог болуды армандадым. Ең қызығы, қазіргі оқып жатқан мамандығым – тіс дәрігері болу жайлы мүлдем ой болған жоқ. Акушер-гинеколог болмаса, не хирург, не педиатр боламын деген ой болды. Бірақ уақыт өте келе, нақты шешім қабылдайтын сәт туғанда таңдауым – стоматологияға келіп түсті.