Қазақстанда кедейлер саны артты. Соған қарамастан еліміз ең бай адамдар санының өсуі бойынша әлемдегі ТОП-10 елдердің қатарына кірді. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
2020 жылдың төртінші тоқсанында кірісі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың саны 12%-ға артып, 140,6 мыңға жетті. Ол отбасыларда 858,5 адам өмір сүреді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 20,1% жоғары. Салыстырып көрелік. 2019 жылдың сәйкес кезеңінде мұндай табысы төмен 125,5 мың отбасы тіркелген еді (+10,2%). Соңғы жылдары көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Себебі кедейлік шегіне жеткен 4,6 мың отбасының айлық кірісі азық-түлік себетінің құнына да жетпейді. Жағымсыз көрсеткіш бір жылда 49,5% өскен. Ал бұл отбасыларда 28 мың адам бар (бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 84,2% жоғары).
Аймақтар бойынша кірісі күнкөріс деңгейінен төмен шаңырақтардың 19,9%-ы Түркістан облысында тұрады. Яғни, 27,9 мың отбасы. Өңірде жағымды өзгеріс байқалады, себебі табысы төмен отбасылардың саны 12,2%-ға қысқарған. Алайда кедейлік шегінен төмен өмір сүретін халықтың ең көп үлесі де осы аймақта тіркелді – 10,3%. Бұл ретте орташа республикалық көрсеткіш 4,6%-ды құрады (бір жыл бұрын – 3,8%). Оған қоса аутсайдерлердің алғашқы үштігіне Алматы (15,5 мың отбасы, 2019 жылға қарағанда 2,8 есе көп) және Шығыс Қазақстан облысы (11,6 мың отбасы, 2019 жылға қарағанда 2,2% төмен) кірді.
Қарастырылып отырған кезеңде жан басына шаққандағы орташа өмір сүру көрсеткіші – 34 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары. Сонымен бірге тұтыну үшін пайдаланылған кіріс 65,6 мың теңгені құрап, бір жыл ішінде 8,4%-ға өсті.
Ескеретін бір жайт – кірісі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың басым бөлігінде 5 немесе одан көп адамнан тұрады. Мәселен, 2020 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша 768,9 мың адам 5 және одан көп мүшесі бар, 53,3 мың адам – 4 мүшесі бар, 30,8 мың адам – 3 мүшесі бар отбасыларда өмір сүреді.
Елде табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың саны өсіп жатқанда, Қазақстан ең бай адамдар санының артуы бойынша әлемдегі ТОП-10 елдердің қатарына кірді. Сонымен, Statista.com сайтының хабарлауынша, әлемде коронавирустық пандемияға қарамастан бай адамдардың саны артты.
Мәселен, «қалтасының қалыңдығы» 30 млн АҚШ доллары және одан жоғары адамдар саны соңғы бір жылда 2,4%-ға өсіп, қазір 520 мыңнан астам адамды құрады. 2025 жылға қарай олардың саны тағы 27% өседі деп күтілуде. Қазақстанда ең бай адамдардың саны 33%-ға өседі деп болжануда.