Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) бірлесіп әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайту және әйелдер кәсіпкерлігіне инвестиция тарту мәселелері бойынша онлайн дөңгелек үстел өткізді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның АҚШ-пен және халықаралық қаржы институттарымен әйелдердің экономикалық әлеуетін нығайту саласындағы ынтымақтастықты жолға қою амалдарын талқылады. Кейбір спикерлердің пікірінше, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қозғалтқыш күші болып тұрған мемлекетіміздің Орталық Азияда және көршілес өңірлерде әйелдердің экономикалық әлеуетін ашу мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауда АҚШ-пен және басқа да мүдделі тараптармен ұзақ мерзімді кешенді серіктестікті ілгерілетуге дайындығы ерекше жоғары.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін нығайту қоғамның әл-ауқатын арттыру үшін зор әлеуетке ие. McKinsey&Co консалтингтік компаниясының зерттеуіне сәйкес, егер әйелдердің бизнес жүргізуге ерлермен тең дәрежеде мүмкіндіктері болса, әлемдік жалпы ішкі өнім 2025 жылға қарай 28 триллион АҚШ долларына, немесе шамамен 30%-ке өсер еді.
Халықаралық қауымдастықтың әйелдердің экономикалық әлеуетін кеңейтуге аударатын назарын «Гендерлік теңдік және әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайту» Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі ретінде қабылданғаны растайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та еліміздегі көкейкесті реформалардың күн тәртібі үшін гендерлік мәселелердің маңыздылығын бірнеше рет ерекше атап өткен болатын.
Қазіргі уақытта әлемде COVID-19 пандемиясы әйелдерге ерлерге қарағанда әлдеқайда күшті әсер етті. Ағымдағы жағдайларды еңсеру үшін тиімді ортақ шешімдер іздеу мақсатында мемлекеттер сындарлы ықпалдастық дамытқандары жөн.
Дөңгелек үстелге Қазақстан тарапынан қатысқандар арасында Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Қазыханов болды.
АҚШ үкіметі мен агенттіктері атынан Мемлекеттік хатшы орынбасарының м.а. Дин Томпсон, АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) Азия бойынша бюро әкімшісі көмекшісінің орынбасары Анджали Каур, Мемлекеттік хатшының Әйелдердің жаһандық мәселелері жөніндегі кеңсесі басшысының м.а. Катрина Фотоват, Халықаралық даму қаржы корпорациясының Әйелдер кәсіпкерлігіне инвестициялар бағдарламасы бойынша басқарушы директордың м.а. Алек Пакстон, USAID Азия бюросының Оңтүстік және Орталық Азия істері басқармасының директоры Теодора Делл қатысты.
Пікір алмасуға сондай-ақ Әлем банкінің Гендерлік тобының жаһандық директоры Карен Гроун және UPS көліктік-логистикалық компаниясының Мемлекеттік сектормен халықаралық байланыстар мен тұрақты даму жөніндегі президенті Пенелопа Наас атсалысты.