EconomyБасты

ЕЭК-тің Экономика және қаржы саясаты министрі тағайындалды

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 5 наурыздағы шешімімен Еуразиялық экономикалық комиссияның Қазақстан Республикасы атынан алқасының жаңа мүшесі (министрі) болып Руслан Бекетаев тағайындалды.

Оның құзыретіне Еуразиялық экономикалық одағында кәсіпкерлік қызметті дамыту, қаржы саясаты, еңбек миграциясы және әлеуметтік қорғау мәселелері кіреді.

Руслан Бекетаев комиссияда бұл қызметке Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып тағайындалған Тимур Жақсылықовтың орнына келді.

ЕЭК-ның жаңа министрі Қазақстанның мемлекеттік билік органдарындағы басшылық қызметінде бірқатар тәжірибеге ие.

Руслан Бекетаев 1975 жылы 16 қарашада Шымкентте дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Бристоль университетін (Ұлыбритания), Оксфорд университетін (Ұлыбритания) бітірген. 1996-2001 жылдары – ҚР Ұлттық құнды қағаздар комиссиясының лицензиялау және қадағалау департаментінде жетекші маман, сектор меңгерушісі, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, департамент директорының орынбасары міндетін атқарушы. 2001-2004 жылдары – ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы. 2004-2005 жылдары – ҚР қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі банктерді қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы. 2005-2010 жылдары – қаржы органдарындағы, ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіндегі қызмет. 2011 жылғы мамыр-тамыз – «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі. 2011-2012 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары. 2012-2014 жылдары – ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің төрағасы. 2014 жылғы шілдеден бері ҚР Қаржы вице-министрі болып істеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button