Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шотында 13,1 триллион теңге бар. Бір жыл ішінде оның сомасы 2,2 триллион теңгеге артты немесе 21% өсті.
Зейнетақы жинағының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарнасы есебінен құралды, оның мөлшері – 12,8 трлн теңге. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы бойынша – 324,4 млрд теңге, ал ерікті зейнетақы жарнасы 2,2 млрд теңгеге жетті.
2021 жылдың 1 қаңтарынан 1 ақпанына дейінгі бір ай ішінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 176,7 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс есептелгенін атап өткен жөн, бұл өткен 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 148,5 млрд теңгеге артық.
2021 жылдың басынан бері БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 88,9 млрд теңге таза инвестициялық табыс есептелді. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 млрд теңгеге немесе 3% артық. Жарналардың жалпы көлемінің 93,3% БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер құрайды – 82,8 млрд теңге (өсім 2%), 5,9 млрд теңге (өсім 20%) МКЗЖ бойынша келіп түсті, 29 млн теңге (өсім 82%) ЕЗЖ бойынша аударылды.
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,6 млн бірлікті құрады (жыл ішіндегі өсім 11%). Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылды – 10 977 453 (жыл ішіндегі өсім 11%). Одан әрі МКЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар – 529 571 (өсім 4%), БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 59 034 (өсім 8%).
Төлемдер 73,8 млрд теңгені құрады, 2020 жылғы 1 ақпандағы көрсеткіштермен салыстырғанда сома 55,9 млрд теңгеге ұлғайды. Көп жағдайда мұндай өсу 2021 жылғы 30 қаңтарда Үкіметтің 2021 жылғы 19 қаңтардағы қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларының күшіне енуімен байланысты.