БЖЗҚ ақпаратына сәйкес, 1 және 2 ақпанда, яғни бірыңғай зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың алғашқы екі күнінде БЖЗҚ қазақстандықтардың уәкілетті операторларда ашылған арнайы шоттарына 112,3 миллиард теңгеден астам қаржы аударды. «Осылайша «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және «Қазақстан Халық банкі» АҚ уәкілетті операторларынан БЗТ алу бойынша келіп түскен 20 252 өтінім қаралды», – делінген ақпаратта.
Еске салайық, зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алу, сондай-ақ ақшаны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кері қайтару туралы ҚР Үкіметінің қағидалары 2021 жылғы 30 қаңтарда күшіне енді.
Қағидаларға сәйкес, жинақтарды қазақстандықтардың арнайы шотына аудару БЖЗҚ-ға салымшыдан өтініш келіп түскеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. «Азаматтардың өтінім беруге және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселелерін уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді», – деп нақтылады БЖЗҚ-дан.