2020 жылы Электрондық еңбек биржасында 925 мың бос жұмыс орны жарияланды, бұл 2019 жылғы (831 мың) көрсеткіштен 11% – ға артық. Оның ішінде 600 мың бос жұмыс орны – білікті қызметкерлерге арналған. 2019 жылы білікті еңбекке деген қажеттілік 590 мыңды құрады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылы онда 630 мың түйіндеме орналастырылған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10% – ға көп (2019 жылы 570 мың).
«Өткен жылы ел бойынша бос жұмыс орындары түйіндемелердің санынан шамамен 300 мыңға көп болды. Оның 233 мыңға жуығы – білікті маманды қажет ететін жұмыс орындары. Алайда, өңірлер тұрғысынан Қызылорда, Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында түйіндемелердің саны бос жұмыс орындарының санынан сәл асып кеткен». Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков хабарлады.
Экономика саласы бойынша ең көп бос жұмыс орны (185,8 мың) құрылыс секторында болды. Бұдан басқа, білім беру (139 мың бос жұмыс орны), сауда (88 мың), ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау (73 мыңнан) салаларында, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде (71 мың) мамандарға деген үлкен қажеттілік байқалды.
2020 жылы білікті жұмысшылар арасында ең сұранысқа ие мамандар –орта мектеп мұғалімдері, құрылысшылар-монтажшылар, сондай-ақ жеңіл автокөліктер мен такси жүргізушілері болды.
Сонымен қатар Дмитрий Шумековтің айтуынша, «Қостанай облысы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа өңірлерде орта мектеп мұғалімдеріне деген қажеттілік өте жоғары. Мәселен, монтажшы-құрылысшыларға тек Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында ғана аса қажеттілік жоқ. Сонымен қатар, өңірлерге жеңіл автокөлік жүргізушілері, бойлер мен бу машиналарының операторлары, дүкендердегі супервайзерлер мен сатушылар, сондай-ақ күтім көрсетуші орта медициналық персонал қажет».
Айта кетейік, осы мамандықтар бойынша жарияланған түйіндемелердің көп болуы мамандарға деген тапшылықты жоя алмайды.
Яғни еңбек нарығындағы тапшы мамандықтарға орта мектеп мұғалімдері (бос орындар саны түйіндемеге қарағанда 9,3 мыңға көп), сатушылар (8,9 мыңға), күзетшілер (8,5 мыңға), сондай-ақ күтім көрсетуші орта медициналық персонал (7,7 мыңға) жатады.
Еңбек нарығында заңгерлер (5,8 мың бірлікке артық), кең бейінді кеңсе қызметкерлері (3 мың), қаржы мәселелері жөніндегі консультанттар (1,8 мың), талдаушылар мен зерттеушілер (1,7 мың) көп.
Бұдан басқа, 2020 жылы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кәсіпқой мамандардың (2,3 мың), өнеркәсіп пен өндірістегі техниктердің (1,8 мың), техник-электрониктердің (1,8 мың), сондай-ақ құрылысшылардың бригадирлерінің (1,6 мың) саны артық.