Басты

Қарағанды облысындағы «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қорытындылары

«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының барлық кезеңінде Қарағанды облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бірыңғай үйлестіру орталығына 150 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың 90% дереу операторлармен шешілді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы өңір тұрғындары 1424 жедел желісіне және әлеуметтік желіге хабарлай алады. «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің осы және басқа да бағыттары туралы өңір әкімдігінде өткен аппараттық онлайн-кеңесте оның басшысы Мәлика Құсенбаева баяндады.

«Ашық бюджет» интерактивті картасы пайда болды. Бұл әр тұрғынға түсінікті және қол жетімді құрал. Енді қосымша мен QR-кодтың көмегімен Қарағанды облысының кез келген ұйымының бюджетін көруге болады.

Жоба аясында облыстың тоғыз қаласы мен тоғыз ауданында open space қағидаты бойынша фронт-кеңселер мен қабылдау бөлмелері жұмыс істей бастады. Барлық 202 ауылдық елді мекенде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істеуде.

Дәріханаларда дәрі-дәрмектің бағасын көтерген жағдайда хабарласуға болатын call-орталықтар туралы ақпарат бар плакаттар орналастырылған.

Кеңсенің басым бағыттарының бірі «сапалы жол» жобасы болып табылады. Өткен жылы Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының Қарағанды облысы бойынша филиалымен бірлесіп, 35 көшпелі мониторинг ұйымдастырылды.

Желтоқсан айында Қарағанды қаласының полиция басқармасымен бірлесіп тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және халықтың құқықтық тәртіпті сақтауы бойынша айлық өткізілді. Оның барысында 63 әкімшілік хаттама толтырылып, 11 бақылау ұйымдастырылды.

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңгерлік көмек көрсету мақсатында облыста Adal Komek жобасы іске асырылуда. Өткен жылы 500 тікелей эфир өткізіліп, 8 200 адам кеңес алды.

«Сарыарқа – адалдық алаңы» кеңсесі барлық шұғыл ден қою қызметтерін бірыңғай орталыққа қосу бойынша жұмыс істеуде. Жақын арада мұнда жедел медициналық жәрдемнің 103 диспетчерлік қызметі ауыстырылады. Орталық базасында 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметін ұйымдастырады, ол барлық шұғыл қызметтерді біріктіреді. Сондай-ақ, бейнебақылау камераларынан барлық ағындар жиналады.

Қазір өңірде облыстық геоақпараттық портал құру жұмыстары жүргізілуде. Ол іске қосылғаннан кейін жер учаскесін алу немесе қайта ресімдеу оңайырақ болады.

– Осы жобаға ресми түрде қарамауларыңызды сұраймын. «Сарыарқа-адалдық алаңы» – қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлерден көптеген өтініштер түсетін қолжетімді алаң. Қалалар мен аудандардың әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары жобалық кеңсенің басшысымен бірлесіп, жұмысты жандандырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мәселелерін ерекше бақылауда ұстауы керек, – деп тапсырды өңір басшысы Жеңіс Қасымбек.

Естеріңізге сала кетейік, «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Қарағанды облысында 2018 жылдың қараша айында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» акциясы аясында жұмыс істей бастады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button