Білім алғанын растайтын өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына, оларды есепке алу және беру тәртібіне қойылатын талаптар да заң негізінде айқындалды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Министр атап өткендей, 2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом беретін болады. Яғни, енді әр жоғары оқу орнында берілетін дипломдардың барлығы біркелкі болмайды. Әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады.
«Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді. Сондықтан заңсыз немесе жалған құжат айналымына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылданды.
Мәселен, білім берілгенін растайтын құжатты есепке алу және сериялық нөмірлері бойынша бір жүйеге келтіру үшін дипломдардың мазмұнына қатысты бірыңғай минималды талаптар қарастырылған», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, БҒМ-нің ақпараттық жүйесінде берілген дипломдардың депозитариі, реквизиттері болады, сондай-ақ Болон процесінің талаптарына сай Diploma Supllement беру қарастырылады.