Азиа даму банкі квазимемлекеттік секторға республиканың автомобиль жолдары саласын жақсарту үшін алғаш рет гранттық қаржыландыру бөліп отыр. Бағдарламаны іске асыруды ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы үйлестіретін болады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
Халықаралық қаржы институттары Қазақстанда автомобиль жолдарын салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу үшін, сондай-ақ жол активтерін басқару үшін мамандандырылған жол құрылымын құру идеясын жоғары бағалады.
2019 жылы құрылған ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы өз жұмысының тиімділігін көрсетіп үлгерді. Азия Даму Банкі Орталыққа оның әрі қарай функционалдық дамуы мен сапаны бақылауды жақсартуы үшін арнайы грантын бөліп отыр. Қаржыландыру бағдарламасы нормативтік-құқықтық базаны, нормативтік-техникалық құжаттаманы жетілдіруге, жол қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Жұмыс барысында Азия Даму Банкі бағдарламаны басқаратын болады. Бұдан бөлек, консультанттарды тартып, семинарлар өткізеді. Сондай-ақ, жобаның барлық нәтижелерінің сапасы мен үйлестірілуін қамтамасыз етпек.
Бағдарламаны іске асыру 2021 жылдың басында басталады деп көзделіп отыр. Ол 1,5 жылға есептелген.