Елорданың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева қала тұрғындарын Жаңа жылды үйде қарсы алуға және санитарлық қауіпсіздік шараларын ұмытпауға шақырды. Бұл туралы Елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Jana-kezen.kz хабарлайды.
«Халқымызды Жаңа жылды үйде қарсы алуға шақырамын. Бұл болашақта коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін өте маңызды. Биыл бәріне қиын болды, дегенмен, егер біз барлық шараларды – маска тағып, арақашықтық сақтайтын болсақ, жағдай жақсарады және тұрақтанады», – деді Жанна Пірәлиева.
Елорда қазір «сары» аймақта. Өткен тәулікте қалада КВИ ауруының 60 жаңа жағдайы анықталды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қыс басталғалы бері Нұр-Сұлтанда орта есеппен күніне COVID-19 ауруының 79 жағдайы тіркелді. Қазір қаладағы жұқпалы аурулар стационарларында 204 адам жатыр.
Қалада аурушаңдық жоғарылаған жағдайда 7 мың орындық 18 нысан біртіндеп қайта бейімделеді. COVID-19 үшін биоматериал жинауға арналған зертханалар саны 19-ға дейін көбейтілді, олардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 12 мың тестілеу.
Сондай-ақ бас санитарлық дәрігер бизнестің жаңа жұмыс режимі туралы айтты. Атап айтқанда, жаңа жылдық кештерге, корпоративтерге және басқа да бірқатар шараларға тыйым салынды. Сауда алаңы 2 мың шаршы метрден асатын тамақ өнімдерін сататын гипермаркеттер мен супермаркеттер тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті. Сондай-ақ 26 желтоқсаннан бастап кинотеатрлар күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, көрермендерді қатардың бойымен екі орындық сайын және қатарлар арасында шахмат тәртібімен отырғызу, орын санын 30%-дан асырмау шарттарымен ашылады. Кинотеатрлардың жұмыс, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс уақыты 10.00-ден 24.00-ге дейін, ешқандай акцияларсыз. Сонымен қатар кафе мен мейрамханалардың жұмыс уақыты 24.00-ге дейін ұзартылды.
Нұр-Сұлтанда карантин және шектеу шараларының сақталуы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне мониторинг жалғастыруда. 5 шілдеден бастап аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары әкімшілік жауапкершілікті бұзғаны үшін 1380 жеке, лауазымды және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 270 936 114 теңге айыппұл салды.