ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің минералдық-шикізат базасын дамыту туралы жиналыс өткізді. Облыс әкімі Даниал Ахметов, геологиялық барлау саласындағы компаниялар қатысқан жиында өңірдің саладағы потенциалы жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
«Өңірден барлық минералдық шикізат түрі анықталған десек болады. Алтын, күміс, мыс, цинк, қорғасын, титан, барит және жер асты суларының үлкен қоры Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Сондықтан геологиялық барлау тереңдігін ұлғайтуымыз қажет.
Бұл бағытта заманауи технология әдістерін қолдану маңызды. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Жастарды геология саласына тартып, баулу да аса маңызды. «Қазгеология» компаниясына Шығыс Қазақстанның жергілікті жоғары оқу орындарымен жұмысты күшейтуді тапсырамын», – деді Мағзұм Мырзағалиев жиында.
Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде минералдық шикізат қорының таусылуға жақын екеніне назар аударды.
«Геологиялық барлау өңірдің металлургия саласының тек жақын уақыттағы ғана емес, алдағы 10-15 жылдағы келешегін анықтайды. Қала құраушы елді мекендердегі кәсіпорындар тек жұмысшыларға емес, тұрғындарға да әлеуметтік қолдау көрсетеді. Сондықтан өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер ететін бұл бағыттағы шараларға әкімдік мүдделі»,- деді Даниал Ахметов.
Экология министрінің орынбасары Серікқали Брекешов өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері тау-кен өндірісі өнеркәсібі екенін, бұл салаға бөлінетін қаржы көлемін арттыру қажеттігін атап өтті.
«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік баланста 39 мыс, 30 қорғасын, 34 мырыш, 122 алтын, 48 күміс, 11 – қалайы кен орындары тіркелген. Облыстың жер қойнауын пайдалануға 2011-2019 жылдар аралығында шамамен 2,7 трлн теңге жеке инвестиция тартылды, оның ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге тікелей 71,4 млрд. теңге бағытталды, бұл жалпы қаржылық шығындардың 3 %-ынан аспайды»,- деді ол жиын барысында.
«Kazakhmys Barlau» ЖШС Бас директоры қазір Ғалым Нұржанов компания Шығыс Қазақстан облысы аумағында 3 перспективалы жоба дайындап жатқанын мәлімдеді.
«Оның бірі бұрын төмен құрамды кен орнына жатқызылған «Айдарлы» жобасы. Бұл – қазба жұмыстары жүргізілмей жатқан әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Алайда бүгінде металл бағасының өзгеруіне байланысты аталған нысанның тартымдылығы артты. Сондықтан биыл толықмасштабта бұрғылау жұмысы басталды. Оған 1 млрд теңге бөлінді. Алдын ала болжам бойынша «Айдарлыда» 4,3 млрд тонна руды қоры немесе 15 млн тонна мыс бар», – деді Ғ. Нұржанов.
Атап өту керек, компания қызметкерлерінің 35%-ы Шығыс Қазақстандағы ЖОО-лардың түлектері.
Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі геологиялық барлаудың бес жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеген. Оның аясында ШҚО-дағы және моноқалалардағы жұмыстарға ерекше мән беріледі. ШҚО шегінде екі жүз мың ауқымды өңірлік жұмыстар жүргізу көзделген, оның ішінде 27.9 мың шаршы км алаңға геологиялық-минерагендік картаға түсіру, 6.8 мың шаршы км аумақ алаңдарын геологиялық жете зерттеу және 27.2 мың шаршы км алаңға терең геологиялық картаға түсіру жұмыстарын айтуға болады.
Қара-аяқ, Мунча учаскелерінде сирек металдарға іздестіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ басқа учаскелерде негізгі пайдалы қазбалар (алтын, мыс, полиметалдар) зерделенеді.
Жиын қорытындысында облыстық әкімдікпен барлауды күшейту, қосымша қаржы тарту мәселесі бойынша Жұмыс тобын құру келісілді. Оның құрамына саладағы ғалымдар, компаниялар мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері кіреді.