Басты

Бәсекелестікті дамыту кедергілері бойынша 57 мәселе жиналды

20 желтоқсанда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің Ақтөбе облысына сапары аясында Ақтөбе қаласының «Атамекен» ҰКП алаңында республикалық және өңірлік кеңес мүшелерімен тауар нарықтарына кірудегі кедергілерді анықтау және жою бойынша кеңейтілген кеңес өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда кедергілер жөніндегі Кеңестер еліміздің барлық өңірлерінде құрылып, жұмыс істеуде. 13 мүшеден тұрады, олардың тек біреуі – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) өкілі болса, басқалары – бизнес, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар. Кедергілер жөніндегі Кеңестер бәсекелестікті дамыту үшін кедергілерді жою шаралары қаралатын және атқарылатын краудсорсинг алаңы болып табылады. Кеңеске қатысушылар жұмыс нәтижелері мен өңірлердегі бәсекелестікке кедергі келтіретін ең өткір мәселелерді талқылады.

БҚДА-ның кедергілер жөніндегі Кеңестері мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде құрылған. Бүкіл ел бойынша бизнес пен азаматтық қоғамның түрлі салаларынан 216 қатысушы 35 отырыс өткізді. Нәтижесінде 57 мәселе жиналса, сауалдардың көпшілігі – ОЭК, мемлекеттік сатып алулар, агроөнеркәсіптік кешен, ТКШ және т.б. салалар бойынша.

Кеңейтілген отырыста қатысушылардан көптеген сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, маңызды мәселелердің бірі, Алматы қаласындағы кедергілер жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, Zan Hub заң фирмасының серіктесі Ақылбек Құсайынов айтқан – пандемия кезінде денсаулық сақтау министрлігі оңайлатылған тәртіппен және ең төменгі талаптармен, бір реттік рұқсаттар негізінде берілген дәрілік заттардың импорты. Мұндай шаралар пандемия кезінде төтенше жағдайдың салдарын жою және қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін қабылданды. Нәтижесінде өндірушілердің немесе дистрибьюторлардың уәкілетті өкілдері болып табылмайтын баламалы өнім берушілер осындай оңайлатылған рәсімдерді пайдалана отырып, Қазақстан нарығына басқа елдерде өндірілген дәрілік заттарды жеткізе бастады. Өз кезегінде кәсіпкер және Ақтөбедегі кедергілер жөніндегі өңірлік кеңестің төрағасы Арыстанбек Жұмабаев Жергілікті коммуналдық қызметтің жұмыстарын заңдастыру мәселесін көтерді. Оның айтунша, жергілікті комуналдық қызмет жоғары тарифтер белгілеп,  су құбыры желілеріне басқа жеткізушілерді кіргізбейтін көрінеді. Мұндай мәселелер басқа аймақтарда да көтерілді.

Сондай-ақ, кеңесте ҚР БҚДА-ның төрағасы орынбасары Марат Омаров Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылғы 19 сәуірінде бекіткен «дәрі-дәрмектерді реттеу, шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру» ережелеріне ағымдағы жылдың 24 желтоқсанында өзгерістер енетінін хабарлады. Осы түзетулерге сәйкес, дәріханаларда құртқа қарсы препараттардың бағалары ішінара төмендетіледі. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап БҚДА Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, барлық дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың бағасын белгілеуге жүйелі түрде қатысатын болады.

Қазіргі уақытта монополияға қарсы ведомство бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны дайындау бойынша белсенді жұмыс істеуде – бұл туралы төрағаның бірінші орынбасары Рустам Ахметов айтып берді. Осы құжат аясында 22 негізгі нарық анықталып, 7 бағыт бойынша 22 жұмыс тобы құрылды: ОЭК, АӨК, өнеркәсіп, қаржы және өзге де нарықтар, көлік және байланыс, мемлекеттік қатысу, картельдер. Ең ауыр нүктелер – стандарттардың болмауы, бағаны реттеу, дәрі-дәрмектерді өндіру және сату кезіндегі заңсыз сауда, жеткізушілердің ауыстырылмауы. Сондай-ақ, ТКШ саласындағы тарифтік реттеу, көмір мен сұйытылған мұнай газын сату кезінде сауда-саттыққа қол жеткізе алмау.

Отырыс қорытындысы бойынша, Серік Жұманғарин кеңеске қатысушылардың барлығына елдегі бәсекелестікті дамытуға қосқан белсенділігі мен үлесі үшін алғыс айтып: «Сіздерге, азаматтық қоғам өкілдеріне, кедергілер жөніндегі кеңестер жұмысына арқа сүйей отырып, сіздердің арқаларыңызда өңірлердегі бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы проблемаларды көрдік», – деп атап өтті.  – «Бәсекелестік – бұл абстрактілі ұғым емес, біздің елімізде 5 мың нарық болса, олардың әрқайсысында проблемалық мәселелер бар, бұл үлкен іс. Қазақстандағы бәсекелестіктің болашағы – Кедергілер кеңесінің жұмысында екеніне сенімдімін».

Сондай-ақ, Серік Жұманғарин Ақтөбе облысына сапары аясында «ТК Фарм Ақтөбе» фармацевтикалық зауытында болды. Бұл зауыт 20-дан астам дәрі-дәрмек шығарады, оның ішінде вирусқа қарсы (ацикловир, грипповир (умифеновир), доксициклин), бірақ олар емдеу хаттамасына және COVID-19 емдеуде қолданылатын дәрілердің тізіміне енгізілмеген. Бұл ретте, зауыт умифеновир белсенді заты бар препарат шығаратын Қазақстандағы жалғыз зауыт болып табылады. Осы және өзге де проблемалық мәселелермен кәсіпорын БҚДА департаментіне жүгінді, агенттік тарапынан сұрақтар қарастырылуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button