Қарағандыда энергетиктерге құрмет көрсетілді
Кәсіби мереке құрметіне үздік энергетиктерге Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді. Ардагерлер Анатолий Баринов пен Владимир Литвинов Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының медальдарымен марапатталды. Марапаттау облыс әкімдігінде өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
– Бүгінде энергетика дамудың жаңа, инновациялық жолына өтуде. Салада энергия үнемдеу технологиялары енгізілуде, энергияның баламалы көздері пайдаланылуда, сонымен қатар энергетикалық объектілердің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кәсіпорындар жаңғыртылуда. Сіздердің жұмыстарыңыз өте маңызды, жауапты және құрметке лайық! – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Жиенбаев.
Бүгінгі таңда энергетика саласындағы маңызды міндеттердің бірі – қажетті қуатты қамтамасыз ету. Осыған байланысты облыста бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Балқаш ЖЭО және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО жаңа қазандықтарын іске қосу жоспарлануда. 2023-2025 жылдарға қарай Топар МАЭС-те екі турбина мен бір қазанды іске қосу жоспарда бар.
«Жасыл энергетиканы» дамыту аясында соңғы жылдары төрт күн электр станциясы іске қосылды. Облыста биогаз және шағын су электр станциялары жұмыс істейді.
– Соңғы 10-15 жылда энергетика қарқынды күш алып келеді. Қарағанды өңірі электр энергиясы мен жылу бойынша әрдайым тапшы болды. Бүгінгі таңда облыс өзін өзі қамтамасыз етуде. Оңтүстік-Шығыста жылу желілерінің үшінші кезегі салынуда. Біз жаңғырту бойынша қарқынды арттырудамыз. Осы күрделі кезеңде баршаңызға денсаулық тілеймін,-деді облыстық Энергетик ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Литвинов.