Басты

Әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар Елбасының антиядролық бастамасын қолдады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша халықаралық онлайн конференциясын өткізді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz қордың ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс – шараның басты мақсаты Ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын (ЖКА) құру идеясын – Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы қарашада Астана клубының 5-ші отырысы барысында жария еткен бастаманы ілгерілету болды.

Спикерлер ретінде Астана клубының Консультативтік кеңесінің жетекші мүшелері, сондай-ақ сыртқы саясат және ядролық қауіпсіздік мәселелері саласындағы бірқатар көрнекті әлем саясаткерлері мен сарапшылары сөз сөйледі.

Олардың ішінде: Мохаммед Эль-Барадеи – МАГАТЭ -нің Бас директоры (1997-2009), 2005 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты; Тарья Халонен – Финляндия президенті (2000-2012); Данило Тюрк – Мадрид клубының президенті, Словения президенті (2007-2012); Хамид Карзай – Ауғанстан Ислам Республикасының президенті (2004-2014); Беатрис Фин – «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның» атқарушы директоры (ICAN), 2017 жылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты; Джеймс Линдси – Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің вице-президенті (CFR); Андрей Кортунов, Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің (РХІК) бас директоры; Ангела Кейн, Халықаралық бейбітшілік институтының (IIP) вице-президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары; Асле Тойе, Норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі және басқа да беделді спикерлер қатысты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ іс-шараға қатысушыларға бейнежолдауын арнап, конференцияның негізгі спикері болды.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Президенті бола отырып, саналы түрде мен өзімнің сыртқы саяси қызметімнің едәуір бөлігін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу идеясына арнадым» деп ерекше атап өтті.

Бұдан әрі Елбасы Қазақстанның осы бағыттағы үлесін, атап айтқанда «тәуелсіздікке қол жеткізе отырып, Қазақстан ғаламшардағы қуаты бойынша төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартқанына» тоқталды. Тұңғыш Президенттің пікірінше, «тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз өзіміздің батыл үлгімізбен прогресс пен өркендеу жолында бейбіт жолмен жүруге болатындығын көрсеттік».  

Соңында, Нұрсұлтан Назарбаев конференцияның қатысушыларына арнаған сөзінде:

«Сіздер мен сияқты жаппай қырып-жоятын қарусыз әлемге ұмтылу идеясын сөзсіз қолдайтын танымал саясаткерлер мен беделді сарапшыларсыз. Әрине, бұл жол оңай болмайды және мұнда айтарлықтай кедергілер бар.

Бірақ Теодор Рузвельт айтқандай: «Сіз қолыңыздан келетініне сенсеңіз, мақсатқа жетелеген жолдың жартысына жеттіңіз». Осыған орай, ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы менің бастамамды қолдағандарыңыз үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін.

Бүгін біз қабылдаған ашық үндеу – бұл бағыттағы алғашқы практикалық қадам болып табылады».

Конференцияны ашқан Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Гранофф Қазақстан Президентінің жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы ерекше маңызы мен рөлін атап өтті: «Қазақстан мен Тұңғыш Президент Назарбаев шақырған осы іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, ол кісінің бұл мәселедегі ең маңызды артықшылығы – іс-әрекетке негізделген моральдық беделі».

Соңында Дж. Гранофф Жаһандық көшбасшылар альянсын құру бастамасы үшін Елбасына алғыс білдірді. Оның айтуынша: «Біз адамзатты өлім соғысы қаупінен біржола арылту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұдан маңызды мақсат жоқ».

МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры, әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеи Елбасы бастамасының табысты жүзеге асатынына сенім білдіре отырып: «Президент Назарбаев айтқандай:  «сене білу – бұл жарты жолдан өту»,  біздің барлығымыз осыған сенеміз деп ойлаймын»- деді.

Беделді саясаткер Тұңғыш Президенттің ядролық саладағы барлық бұрынғы жобалары мен бастамаларының қажеттілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстанның 2019 жылы жұмыс істей бастаған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін өз жерінде орналастыру ұсынысы бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін көптен күткен оқиға болды».

Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның» (ICAN) атқарушы директоры Беатрис Фин Қазақстанның Ядролық қаруға жан-жақты тыйым салу туралы шартты ілгерілетудегі ерекше рөлін айқындады. Осы тұрғыда ол: «Осы Шартты күшіне енгізу процесіне қатысатын жетекші елдердің бірі бола отырып, Қазақстанның осы Шарт бойынша жасаған керемет жұмысын тағы да бір рет атап өткім келеді», – деп мәлімдеді.

Сессия жалғасында Норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі Асле Тойе Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі делдалдық рөлінің негізгі маңыздылығын еске салды.

«Менің ойымша, Қазақстан ұсынған мәселелердің маңызы зор. Бұл елдің мұсылман әлемі мен Батыс, Ресей мен Қытай арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етуге дайындығы көңілге үміт ұялатады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған кезде біз бұған көз жеткіздік», – деді Асле Тойе.

Ангела Кейн, Халықаралық бейбітшілік институтының (IIP) Вице-президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары, «Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезінде аса маңызды рөл атқарғанына назар аударды. Қазақстанның бұл мәселені қолдауынсыз және мықты моральдық беделінсіз, дәл қазір біз бұл дөңгелек ұстел басында отырмас едік».

Шақырылған спикерлердің сөздерін қорытындылай келе, Мадрид клубының президенті және Словенияның экс-президенті Данило Тюрк: «Қазақстан – салыстырмалы түрде шағын ел бола отырып басынан бастап батыл дипломатиялық бастамасының арқасында тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттің тамаша үлгісі, осыны бағалаған жөн», – деп атап өтті.

Ұлыбританияда танымал «FIRST» баспасы шығарған Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманның «Ұлт атасы: Әлем адамы. Көшбасшылық тарихы» кітабының тұсаукесері конференцияның тағы бір маңызды оқиғасы болды.

Автор өз еңбегінің тұсаукесерінде: «Мен Тәуелсіздік алғаннан кейін бірден Қазақстанға алғаш рет келіп, Тұңғыш Президенттің басшылығымен ел басынан өткерген шын мәніндегі ерекше өзгерістерге куә болдым», – деген болатын.

Автордың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев «ядросыз әлемнің нағыз қорғаушысы» болып табылады.

«Осы кітапты жаза отырып, мен бұл шын мәнінде ядролық сынақтарға байланысты өз халқының басынан өткерген қорқынышты тәжірибесі бүкіл адамзат үшін ескерту сигналы болуы керек деп сенетін адамның шынайы миссиясы екенін түсіндім. Бұл хабарлама, менің ойымша, қазір өткен конференцияның барысында тағы бір рет анық және айқын айтылды», – деп қорытындылады Руперт Гудман.

Астана клубының Консультативтік кеңес мүшелерінің ЖКА жұмысын әрі қарай қолдау қажеттілігі туралы әлемдік көшбасшыларға арналған Ашық үндеуін (Open Call) қабылдауы конференцияның басты қорытындысы болды.

Жалпы, қатысушылар құрамының деңгейі мен пікірталас сапасы бойынша өткен конференция 2020 жылы антиядролық саладағы ең елеулі әлемдік іс-шаралардың біріне айналды.

Өткізілген конференция Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор халықаралық беделін, оның бастамалары әлемде кеңінен қолдауға ие болғанын тағы да бір рет растап, ядролық қарудан азат әлем құру күн тәртібін жаһандық деңгейде ілгерілетуге ықпал етуге себепкер болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button