SocialБасты

2030 жылға қарай қазақстандықтардың саны шамамен 20,7 млн. адамды құрайтын болады

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның (бұдан әрі – ЕРДО) демографиялық болжамына сәйкес 2030 жылға қарай ҚР-да халық саны 11,8% – ға өседі (2019 жылмен салыстырғанда) және шамамен 20 млн. 692 мың адамды құрайды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.

Бұл ретте шамамен 12,7 млн. адам (61,2%) қалалық жердің тұрғындары болады, ал ауыл тұрғындарының саны 8 млн-нан асады (38,8%).

Сондай-ақ, демографиялық көрсеткіштер серпінінің ағымдағы деңгейін сақтай отырып, 2050 жылға қарай халықтың болжамды саны шамамен 25,4 млн. адамды құрайды, бұл 2030 жылғы деңгейден 22,7% – ға және 2019 жылғы көрсеткіштен 34,3%-ға артық. Оның ішінде 16,7 млн адам (65,7%) қалаларда, ал 8,7 млн адам (34,3%) ауылдық жерлерде тұратын болады.

«2030 жылға қарай халықтың 27,4%-ы,  ал 2050 жылға қарай 36%-дан астамы республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын болады. Біздің болжамымыз бойынша, өңірлерге келетін болсақ, 10 жылдан кейін Алматы және Түркістан облыстарында 2 млн. адамнан тұрады, ал Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 1 млн-нан астам тұрғын болады. 2050 жылға қарай Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары да миллион тұрғыны бар өңірлерге айналады», – деп бөлісті ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Сондай-ақ, халықтың орташа жасының біршама өсу перспективасын атап өткен жөн. Осылайша, 2019 жылы орташа жас 31,4 жасты құрады (ерлер үшін 29,7 жас, әйелдер үшін 32,9 жас). 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 32,7 жасты (ерлер үшін 30,9 жасты және әйелдер үшін 34,4 жасты) құрайтын болады, ал 2050 жылға қарай орташа жас 32,4 жасқа (ерлер үшін – 30,8 жас және әйелдер үшін – 34,1 жас) теңеледі.

«Өлім-жітімді, тууды және көші-қонды өткен жылдар деңгейінде сақтай отырып, 2030 жылға қарай 14-29 жас аралығындағы жастар саны өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға өседі және 4,4 млн. адамды құрайды деп болжап отырмыз. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 5,1 млн-ды құрайды», – деп атап өтті сарапшы.

Болжамдарға сәйкес, Түркістан облысы 2030 жылы жас тұрғындар бойынша көшбасшы болады: аталған уақытқа қарай осы өңірдегі жастардың саны 516 мың адамды құрайды да, үлесі 24,3%-ға дейін өседі. Алматы облысы 488 мың ұлдар мен қыздар көрсеткішімен екінші орынды, ал Алматы қаласы 479 мың жастар өкілі көрсеткішімен үшінші орынды алады.

Сонымен бірге, сарапшылар 21 ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жастарының үштен екісі қалаларда тұрады және ұлдар саны қыздар санынан сәл асады деп санайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button