Mercedes-AMG GT-S-тен Lamborghini Gallardo Superleggera-ға дейін.
Аяздың беті қайтып, жол құрғайтын күн де алыс емес, яғни енді көшелерге спорткарлар мен суперкарлар шыға бастайды. Біздің елде сирек кездесетін автокөліктердің біразы kolesa.kz-те сатылуда, деп мақтанып қояды kolesa.kz сайтының өзі.
Солардың ішінен ең деген бесеуін таңдап, назарымызға ұсынып отыр.
Сирек әрі жүйрік көліктер тізімін небәрі 7 277 шақырым жүрген 2012 жылғы Mercedes SLS AMG бастап тұр. Екі есікті машина Алматыда. Капот астына 6.3 литрлік атмосфералық V8 орнатылған. 7 сатылы автомат, 531 аттың күші, 650 Нм, артқы жетек!
SLS AMG-ге иелік ету үшін қалтаңызда 110 млн теңге болуы керек.
Екінші орында Mercedes-AMG GT-S спорткары тұр. 523 аттың күші, 4 литр V8, екі турбо. Сатушы 22 000 шақырымды артқа тастаған бұл көліктің біздің елде де, көрші Ресейде де жалғыз екенін айтады. Аламын десең, 43 млн теңге әкел дейді.
Алғашқы үштікті Lamborghini Gallardo, нақтырақ айтсақ, Superleggera түйіндейді. Бұл үлгі алғаш рет 2007 жылы Женева автосалонында таныстырылған. Ол әдеттегі Gallardo-дан 100 келіге жеңіл. Машинаға орнатылған 5.2 литрік V10 530 ат күшіне ие және 6 сатылы роботпен жұмыс істейді. Алматыда тұрған бұл темір тұлпар 38 млн теңгеге бағаланыпты.
Тізімдегі келесі көлік — 2008 жылғы Ferrari 599 GTB. 12 жыл ішінде ол 9 800 шақырымды еңсерген. 6 литрлік V12 моторы 629 күшке ие. Бағасы 38 млн теңгені құрайды.
Үздік бестікті түйіндейтін — 2003 жылғы Dodge Viper родстері. 16 000 км жүрген машинада 507 аттың күшін беретін 8.3 литрлік V10 моторы тұр. Артқы жетекті Viper 6 сатылы механикамен жұптасады. Родстердің иесі көлік үшін 18 млн теңге сұрап отыр.
15 миллионға бағаланған Audi RS6 бұл тізімдегі ең арзан, әрі ең қуатты машина. Оның қос гибридті турбокомпрессорлы 5 литрлік V10 моторы 924 аттың күшіне ие. Седан жүзге дейін 2.9 секундта екпін алады.