«Жарнама тіліндегі терминдер қолданысы» атты республикалық әдістемелік онлайн семинар өтеді
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылғы 4 қарашада «Жарнама тіліндегі терминдер қолданысы» тақырыбында республикалық әдістемелік онлайн семинар өтеді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Онлайн-семинардың мақсаты – жарнама терминдерінің қолданыс аясын кеңейту жолдары, бизнес, қоғаммен байланыс, жарнама құралы терминдеріне балама табу т.б. өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсыну. Қазақ тіліндегі салалық терминдердің қолданыс аясын кеңейту терминологияның басты міндеті. Ол үшін салалар бойынша терминдер баламасын, аудармасын терминжасам тәсілдеріне сәйкес ұсыну, оны ұтымды қолданысқа енгізу аса маңызды. Семинар барысында сараптамадан оң пікірге ие болған терминдерді Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясына мақұлдауға ұсыну семинар талқылауының өзегі болмақ.
Іс-шара пікірталас, сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылады.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Кенже Күркебаев, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Амангелді Шүрентаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Балгенже Қарағұлова «Тұран» университетінің аға оқытушысы (Алматы), менеджмент магистрі Жарылқап Жарылқасын қатысады.
Семинар барысын сала мамандары, филологтар мен жоғары оқу орнының студенттері, жалпы жұртшылық ZOOM платформасы арқылы көре алады. Бұдан басқа баяндамашыларға сұрақ қойып, тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып, талқылауға мүмкіндігі бар.