Басты

ШҚО-да 90-нан астам оқушы «Менің кіші Отаным» байқауына қатысты

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» зияткерлік конкурсы өткізілуде, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Байқауға өңір мектептеріндегі 9-10 сыныптың 92 оқушысы қатысты. Мұндағы басты мақсат – өз елінің тарихына қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды анықтау, өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, сондай-ақ оқушылардың өлкетану және Қазақстан тарихы бойынша білімін арттыру.

«Дарын» қосымша білім беру және дарындылықты дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Гүлжан Елемесованың айтуынша, байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – Қазақстан тарихы бойынша қашықтан тестілеу. Екінші кезең 4 номинация бойынша өткізіледі.

«Байқау аясында балалар «Менің кіші отанымның тарихы« тақырыбына видеорепортаж және «Кіші отанымның символы» тақырыбына видео түсіреді. Онлайн форматта «Менің кіші Отанымның болашағы» атты шығармашылық жұмыстар қорғалады. Сонымен қатар «Менің туған өлкем» тақырыбына эссе жазылады. Осының арқасында оқушылар өз өлкелері туралы білімдерімен бөлісіп, өз Отанына деген патриоттығын көрсетіп, болашақта туған жерлерінің қалай дамитыны туралы пікірлерімен бөліседі», – деді Гүлжан Елемесова.

Қазылар алқасының мүшесі, NurOtan ШҚОФ ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Нелли Краснобаева әрбір ұсынылған жұмыстың ерекшелігін атап өтті.

«Балалар өз жобаларын ұсынды. Олар өздерінің елді мекендерінің әл-ауқатын қалай жақсартуға болатындығын көрсетуге тырысып, макеттерге көп көңіл бөлді. Бұл жастағы балалар өздерінің туған өлкесінің тағдырына бей-жай қарамайтыны өте маңызды. Сондықтан болашақта олар өз елінің игілігі үшін еңбектенеді. Келешекте әрбір жоба жүзеге асырылады деп үміттенемін», – деді Нелли Краснобаева.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша 4 жеңімпаз іріктеліп, қараша айында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button