Басты

Ақмола облысында геоақпарат порталы жобасы жүзеге асырылуда

Ақмола облысында геоақпарат порталы жобасы жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігінің жанындағы «Smart Aqmola» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметі бойынша геоақпарат порталы отандық бағдарламалық өнім «Data Evolution» базасында жұмыс істейді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Ақмола облысының геоақпарат порталы («Тұрғын үй қоры» модулі) көп көлемде геомәліметтерді және геоақпараттарды талдауға, өңдеуге, сақтауға, сондай-ақ, халық санағы бойынша жұмыс істеуге арналған. Оны әзірлеу 2018 жылы басталды. Жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше көзден цифрлық және жазбаша түрінде мәлімет жинастырылып жүйелендірілді.

«Нақтылы мәліметтерді алу үшін біз елдімекендердің әкімдері мен учаскелік полиция инспекторларына өтінішпен жүгіндік. Негізгі жұмыстарды аудандық сәулет бөлімдерімен жүргіздік. Аудан орталықтары мен ауылдарда көбіне үйлердің реттік саны мен көшелері қате көрсетілген. Біз бұл ақпараттарды жаңартып, облыстың барлық елдімекендері бойынша векторлық карта жасадық», – деп айтты Геопортал құрастырушылары.

Мекеме мамандарының сөзінше, мекен-жайлық тізілімдегі мәліметтер қайтадан салыстырылды. Жергілікті атқарушы органдармен әріптестіктің арқасында картографиялық материал жаңартылды. Әр түрлі мәліметтер конверттеу және қайта толықтыру арқылы бірыңғай форматқа жинастырылды, ғарыш түсірілімі мәліметтеріне сай елдімекендердің мекенжайлары өзгертіліп, картографиялық материалдар жаңартылған.

«Мәліметтер базасында дұрыс көрсетілмеген кейбір елдімекендердің, көшелердің және үйлердің атауын өзгертуді есепке алуға көп уақыт кетті. Келесі кезекте, тұрғындардың аталмыш елдімекендерге тіркелуін тексердік. Бұл мәліметтерді жаңарту үшін жергілікті полиция қызметінің көмегі қажет болды. Геоақпарат порталы талдау кеңістігін автоматтандыруға, өңірдің елдімекендері бойынша мәліметтер алуға мүмкіндік береді»,- деп толықтырды Геопортал құрастырушылары.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдармен өзге де мәселелер шешілуде. Мысалы, төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру үшін жылжымайтын мүліктің құнын бағалау картасы, құрылыс санаты бар. Ең бастысы жобаның ақпараттық қауіпсіздігіне үлкен мән берілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button