Қарағандыда автошина зауыты салынады
Алдағы уақытта Қарағанды облысының Сарань қаласында автокөлік шиналарын шығаратын зауыт салынады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Онымен қоса жаңа арнайы техника құрастыру жобасы да қолға алынады. 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы бүгін Қазақстан машина жасаушыларының 8-форумында айтылды. Осы жолы онлайн форматта өткен кездесуге вице-премьер Роман Скляр, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен саладағы кәсіпкерлер қатысты. Сондай-ақ машина құрастыру мен металл өңдеу бойынша халықаралық мамандандырылған онлайн-көрме де ұйымдастырылды.
Биыл машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 5 есе өсіп, жалпы кіріс мөлшері 1 трлн теңгеден асты. Инвестиция көлемі 3 есе артты. Локализацияның орташа деңгейі –– 37 процент. Мәселен, таяуда Қостанайда аумағы 38 мың шаршы метр болатын алғашқы технологиялық инкубатор салынды. Алдағы жылы онда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасына қажет 2 мыңға жуық қосалқы бөлшек қойылады.
«Биыл жыл басынан жалпы құны 7 жарым млрд теңгеге тең ауылшаруашылық техникасы өндірілді. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда өсім көрсеткіші – 16 процент. Мәселен, осы айда біз шамамен 700 трактор мен 224 комбайнды құрастырдық. Отандық өндірушілер қосалқы бөлшектердің өндіріс көлемін ұлғайтып, енді сыртқы нарыққа шығуды көздеп отыр»,-деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.