Мектептік тамақтанудан үнемделген қаржы 1,6 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қашықтан оқытуға көшкеннен кейін үнемделген қаражат компьютерлік техника сатып алуға және мектептерде бейнебақылау жүйесін орнатуға бағытталды. Бұл туралы брифинг барысында Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлімдеді.
«2020 жылға арналған бюджетте 1-4 сынып оқушыларының тамақтануын ұйымдастыруға 5,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында қалыптасқан тамақтанудан үнемделген 1,6 млрд теңге қаржы қашықтан оқытуды ұйымдастыруға қайта бөлінді. Оның ішінде компьютерлік жабдықтар сатып алуға, барлық білім беру ұйымдары үшін интернет-байланыс пен бейнебақылау орнатуға бөлінді. Мысалы, 5200 маршрутизатор, 2613 дана компьютерлік техника сатып алынып, білім беру ұйымдарында бейнебақылау орнатылды», – деп түсіндірді Ш.Қадырова.
Спикердің айтуынша, бүгінде 9700 оқушы мен мұғалім мектеп қорынан компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 22600 оқушыға роутер таратылды.
«Қазіргі уақытта 34 372 компьютер сатып алынды. Үкіметтің резервінен 26472 дана компьютерлік техниканы сатып алуға бюджет қаражаты бөлінді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 8 мың ноутбук сатып алынады», – деп түсіндірді Ш.Қадырова.
Бұл ретте білім басқармасы бірінші кезекте жетім балаларға, ерекше қажеттіліктері бар балаларға, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға компьютерлік жабдықтар берілетіндігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 5-11 сыныптар үшін оқу жылы қашықтан басталды. Ата-аналардың қалауы бойынша санитария ережелерін сақтай отырып, 1-4 сыныптар үшін кезекші топтар ұйымдастырылады.