Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жаңадан студенттер жатақханасы ашылды. Аудандағы «Арыстанбаб» жоғары колледжінде пайдалануға берілген жатақхана заманауи үлгіде салынып, барлық жабдықпен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Бір жыл ішінде салынып біткен ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы қатысып, жатақхананы аралап көрді. 100 орынға лайықталған екі қабатты нысанның әрбір бөлмесі төрт адамға арналған. Бөлмелердің іші жиһазбен жабдықталып, жуынатын бөлме салынған. Шарада аудан әкімі жаңа жатақхананың салынуы студенттер үшін маңызды екенін атап өтті.
«Ауданда жастарға сапалы білім беріп, оларға жағдай жасау барысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл колледжде білім алып жатқан студенттер үшін қуанышты оқиға болып отыр. Жаңа ғимарат студенттердің оқуына жəне өз уақыттарын жайлы жағдайда өткізуге мүмкіндік береді. Осындай жағдай жасалған оқу ордасының студенттері білімді және білікті маман болатынына сенімдімін», – деді Мұхит Отаршиев.
Айта кетейік, қазіргі таңда аталған колледжде жастар 12-гуманитарлық және медициналық мамандық бойынша білім алуда. Мыңнан аса студентке 70-тен аса оқытушы дәріс береді.