SocialБасты

БҚО Жәнібек ауданында Мәдениет үйі мен бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өтті

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында биыл бірнеше ескі мектеп күрделі жөндеуден өтті. Қайта құрудан кейін алғашқылардың бірі болып Тау ауылындағы мектеп есігін айқара ашты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz  өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Тау ауылында Жұмыспен қамту жол картасы аясында мектеп жөндеу жұмыстары аяқталды. Нысанның іргетасы 1992 жылы құйылды. 2007 жылы мектеп салынғаннан кейін орташа жөндеу жүргізілді. Алайда, соңғы жылдары ғимарат тозып, оны қайта құру қажет болды. Әсіресе, жаңбырлы ауа-райында үнемі су жүретін шатыр қатты зардап шекті. Жөндеу жұмыстары барысында барлық тозған материалдар ауыстырылды.

«Бізде екі блок бар. Өткен жылы екінші блокта шатыр жөнделді. Қазір су ғимараттың ішіне кірмейді. Ал басты корпуста шатыр өте ескі болды. Қазір біздің оқушылар жаңа оқу жылын жаңартылған ғимаратта бастады. Қазіргі уақытта мұнда 168 бала білім алуда», – деді Ғ.Абдуллин атындағы мектеп директорының орынбасары Мерей Бисекова.

Ал Таловка ауылында Мәдениет үйі қайта құрылды. Ғимарат жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Құрылыс барысында шатыр, едендер ауыстырылып, жаңа есіктер мен терезелер орнатылды. Сондай-ақ жақын маңда іргелес аумақты абаттандыру жоспарланған.

«Біздің мәдениет үйіміз 110 орынға есептелген. Жөндеуге дейін мұнда әртүрлі бағыттағы 7 үйірме жұмыс істеді. Енді біз секциялар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, мәдениет үйінде тағы екі тұрақты жұмыс орны ашылады», – деді Мәдениет үйінің директоры Жасұлан Пайдин.

Басқа жаңалықтар

Back to top button