EducationБасты

Елорда мектептеріндегі кезекші сыныптарда сабақ қалай өтеді

Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған балалар саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 26 мыңнан асты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

2020 – ерекше жыл. Биыл әдеттегідей салтанатты жиын болған жоқ, оқушылардың көбі оқуын қашықтан бастады. Мектеп есігі әзірге бастауыш сынып оқушылары үшін ғана ашық. Елордадағы ең көне білім беру мекемелердің бірі, №1 мектеп-лицей директоры Айдарбек Меңдібаев «Вечерняя Астана» газетіне берген сұхбатында оқудың алғашқы күндері қалай өтіп жатқанын айтып берді.

1 қыркүйекте мұғалімдер салтанатты жиынға келген балаларды алғаш рет мектеп алаңының сыртында қарсы алды.

№1 мектеп-лицейде үш кіреберіс болды. Барлық оқушыларды мектеп директоры мен оның екі орынбасары күтіп алды. Балалардың дене қызуы тексерілді.

Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптарда 1100 бала оқиды, оның 480-і кезекші сыныптарға барады. Мұнда барлық санитарлық нормалар сақталған: маска тағу, оқушыға жеке үстел бекіту және парталарды бір метр қашықтықта орналастыру, санитайзерлер, термометрия қолдану, кабинеттерді желдету және кварцтау.

«Біз ата-аналарға баланың иммунитеті жақсы болса, олар ауырмаса және дайын болса, оларды оффлайн сабақтарға жіберуді ұсындық. Егер иммундық жүйе әлсіз болса, қашықтан оқуға болады», – деді директор.

Кезекші сыныптардың жұмысы таңғы 8-де басталады, бірінші ауысымда үш сабақ бар. 11:00-де – ауысымдық сабақ. Екінші ауысым сағат 2-де басталып, сабақ 15:50-де аяқталады.

Қазіргі кезде мектептің кезекші сыныптарында 27 мұғалім негізгі пәндерден сабақ береді.

«Кезекші сыныптарда сабақ «бір топ – бір мұғалім» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Оның үстіне бастауыш сынып мұғалімі тек кезекші сыныпта жұмыс істейді, қашықтан сабақ бермейді», – деп түсіндірді Меңдібаев.

Сабақтар Zoom және Microsoft Teams платформалары арқылы оқытылады. Сонымен қатар Bilimland білім беру платформасын пайдалануға келісім жасалды. Әр оқушы мен ата-ананың жеке паролі бар, ол арқылы барлық қажетті ақпарат қолжетімді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button