Елорда жастары Президент жолдауына пікір білдірді
Елордалық белсенді жастар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскер-патриоттық қозғалысының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы басшысы Асхат Налшыбек жолдауда мемлекетіміздің барша мәселесі қамтылып, шешу жолдары нақты көрсетілгенін айтады.
«Ең басты мәселе пандемиямен күрес жөнінде кешенді шаралар әзірленеді. Осы мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінеді. Яғни, пандемиямен күрес және сақтық шаралары алдағы уақытта сақталатынын ашып айтты. Елімізді сергелдеңге салған бұл пандемия, бірнеше кемшіліктерді көрсетті. Президент өз жолдауында сол кемшіліктерді толығымен қамтыды. Оқу саласы, мемлекеттік саладағы артық жұмыс орындарын қысқарту, халықтың ең басты мазалайтын сұрағы – жер мәселесі. Осының барлығы дерлік толық қамтылды», – дейді Асхат Налшыбек.
«Жас сарбаз» қозғалысы филалының басшысы Жолдауда жастар мәселесі көтерілгенін тілге тиек етті.
«Қазіргі жастар тез әрі оңай жолмен байып кеткісі келеді». Әлбетте, мен Президенттің бұл ойымен толығымен келісемін. Замандастарым, қатарластарым мемлекеттің оларға беріп жатқан көптеген мүмкіндіктерін зая кетіріп жатыр. Бәсекеге қабілетті жастарды даярлау үшін көптеген шаралар жүргізілуде. Сол шараларды жастар арасында кеңінен насихаттау біздің мойнымызда», – дейді ол.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Тәрбие жұмыс жөніндегі департамент директоры Әйгерім Кукеева да Президент жолдауына қолдау білдірді.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын онлайн көріп, тыңдадым. Жолдаудың басым бөлігі дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық және халықтың әлеуметтік мәселелеріне арналды. Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге кешенді жоспарлар мен іс-шаралар құрылатынын және пандемиямен күресуге 1 трлн теңге қаржы жұмысалатынын айтты. Ауыл шаруашылық кешенін дамыту үшін тез арада Үкіметке жоспар құруға тапсырма берді. Жоғары оқу орындарында жастардың салауатты өмір салты мен шығармашылығына ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Ауылды жерде, облыстарда спорт кешендерін, балалар үйірмелерін ашуға тапсырма берді», – дейді департамент директоры.
Сондай-ақ Президенттің ғылым саласын дамытуға ерекше назар аударғанын атап өтті.
«Үкіметке әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін және «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырма берді. Президентіміз ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артып отыр. Ел азаматтарына алдағы келе жатқан реформаларға дайын болып, күш-жігерін аямай, еңбек етуге шақырды», – дейді Әйгерім Кукеева.