2019 жылы Қазақстанның оңтүстігінен солтүстік өңірлерге 2,5 мың отбасы қоныс аударды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында еңбек күші артық оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік аумақтарға қоныс аудару қарастырылған. Өткен жылы 2,5 мың отбасы қоныс аударды, бұл шамамен 10 мың адамға жуық. Қоныс аударғандардың ішінен 3,5 мың адам немесе еңбекке қабілетті жастағы қатысушылардың 79 пайызы жұмысқа орналастырылды», – деді бірінші вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға 242 отбасы барып, олар бес жылға арендалық баспанамен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысында 428 үйдің құрылысына 3 млрд теңге бөлінді.
Ол еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін қоныс аудару кезінде отбасының әрбір мүшесіне 93 мың теңге (35 АЕК) мөлшерінде субсидия, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге 12 ай ішінде субсидия берілетінін еске салды.
Айта кетейік, бүгінгі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындысын жариялады.