Түркістан облысының мыңға жуық талапкері «Серпін-2050» бағдарламасымен оқуға түсті
Елімізде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы аясында өткен оқу жылында еліміздің оңтүстік өңірлерінен республиканың 5 облысына барып оқуға ниетті мектеп бітіруші түлектер үшін 5629 грант бөлінген, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Оның 5109-ы жоғары оқу орындарына, қалғаны орта арнаулы оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттар. Соның ішінде 956 грантқа Түркістан облысының талапкерлері ие болған.
Жалпы «Серпін-2050» бағдарламасының негізгі мақсаты – халқы тығыз орналасқан Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан кадр жетіспеушілігі байқалған солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Яғни оңтүстік мектеп түлектері Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы беделді мемлекеттік университеттерде білім алатын болады.
Соңғы 5 жылда Түркістан облысы бойынша аталған бағдарлама аясында жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастар саны – 9 мыңнан асып отыр. Ал, колледждерде – 1 329 жас білім алуда. Жалпы Түркістан облысы бойынша бағдарлама аясында 10 364 жас оқуға қабылданған.
Өткен жылы «Серпін» жобасының алғашқы студенттері жоғары оқу орындарындағы оқуларын аяқтады. Соның ішінде Түркістан облысының 320 түлегі бар.
Бұдан бөлек, биылғы жылы Түркістан облысы бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың бітірушілер саны 140-ты құрап, оның 55-і жоғары оқу орнында оқуға ниет білдіріп, грант иегері атанған. Аталған 55 оқушының 35-і өз білімдерімен грант иегері болса, 20 бала талап етілген шекті балды жинап, университет ректорларының жеке гранттары иегері атанып отыр. Қалған оқушыға кәсіптік-техникалық колледждерге таңдаған мамандығы бойынша жолдама берілетін болады. 9-шы сыныпты бітіріп, колледжде білімін жалғастыруды қалаған оқушылар саны 33 баланы құрап отыр.