EducationБасты

Түркістан: Соңғы 7 айда білім беру саласында 13 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген

Бүгін Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының төрағалығымен облысқа қарасты білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің қатысуымен онлайн  форматта тамыз конференциясы болып өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Бұл іс шараға өңірдің   барлық білім беру мекемелерінен мұғалімдер мен оқытушылар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Білім беру саласындағы  өзекті мәселелер ортаға салынған жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай сөз алып,  бүгінгі күні білім беру саласы –  сыбайлас жемқорлық деңгейі ең жоғары салалардың  бірі екендігін  тілге тиек етті.

Шара барысында Мирас Асқарбайұлы 2020 жылдың 7 айында аталмыш салада жалпы саны 13 қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелгендігін және  анықталған қылмыстық істер бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Сондай-ақ, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың туындау себептеріне терең тоқталып,   мекеменің қажеттілігінен бөлек, кез-келген мерекелік шараларға, педагог қызметкерлердің біліктілігін көтеруге, аттестаттаудан өткізуге, марапаттауға байланысты жүйелі түрде мұғалімдерден қаржы жиналатындығын және  кадр мәселесін шешу мен білім беру қызметін лицензиялау, жалған аттестат, сертификат, диплом беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны талан-таражға салу, сондай-ақ  мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында жемқорлық көріністері жиі орын алатындығын атап өтті.

Сонымен қатар, білім сапасын арттырудың тиімді жолдары талқыланған  келелі жиын соңында мәртебелі мамандық иелерін жаңа оқу жылымен құттықтап,  өскелең жастардың өрісін кеңейтуші ұстаздар қауымын қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда белсенді болуға шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button