Басты

Мектеп директорлары тамыз конференциясында қашықтан оқыту тәжірибесімен бөлісті

Дәстүрлі тамыз конференциясында №54 мектеп-лицей директоры Шәкәрім Сейсенбай қашықтан оқытудағы мектеп тәжірибесіндегі кейбір нұсқаулықтармен бөлісті, деп хабарлайды  Jana-kezen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, мектеп ұжымы қашықтан білім берудегі мектеп, мұғалім және оқушы – ата-ана деңгейіндегі қиындықтарды 3 топқа бөліп қарастырған.

«Біріншіден, мектеп көлемінде бірегей жүйе құру үшін G suite платформасын енгіздік. Екіншіден, аз уақыт ішінде балаға көбірек білім беру жолын қарастырдық. Ол үшін онлайн сабақ кестесін шығарып, барлық бірдей тақырыптарды жүйелеп, ұқсас тақырыптарды біріктірдік. Үшіншіден, мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру үшін 30-дан аса видео сабақ түсірдік. Оған арнап «Білім уақыты» деген Youtube каналын аштық. Қазіргі таңда каналдың 6130 жазылушысы бар», – дейді Ш.Сейсенбай.

Сондай-ақ мектеп директоры ата-аналармен кері байланыс орнатып, 3 рет тікелей онлайн кездесуде олардың барлық сұрақтарына жауап бергенін атап өтті. Нәтижесінде ұстаздарға, оқушылар мен ата-аналарға арналған нұсқаулық жасалып, жаңа оқу жылында мектеп жұмысына өзгерістер енгізілуде.

«Атап айтсақ, сабақтарымыздың санын көбейтіп, уақытын ұзартып жатырмыз. Бұрын мұғалім оқушылармен аптасына 1 рет 20 минуттан кездесетін болса, жаңа оқу жылында әр пәннің стандартына сәйкес 30 минуттан кездесетін болады», – дейді Ш.Сейсенбай.

Сөз соңында мектеп директоры мектепте кезекші топтарда білім алуға 282 онлайн өтініш түскенін, олардың жұмысында барлық қауіпсіздік және санитария нормалары сақталатынын атап өтті.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңында Нұр-Сұлтанда «Білім беруді сандық трансформациялау» тамыз кеңесі өтуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button