EducationБасты

Бердібек Сапарбаев: жаңа оқу жылына дайындық әлсіз жүргізілуде

Жамбыл облысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары өте әлсіз жүргізілуде. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінде өткен жиында тиісті басқармалардың жұмысына осындай баға берді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Жаңа оқу жылына дайындық шараларына байланысты көптеген тапсырмалар берілген болатын. Нәтижелер көрсетіп отырғандай, ол тапсырмалар орындалмаған. Өңірде мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жеткілікті қаржы бөлінген. Жоспарға сәйкес көптеген нысандардағы құрылыстарды 25 тамызға дейін аяқтау қажет. Дегенмен, менің байқауымша, нысандардың құрылысы күзде, оқушылар мектепке баруға мәжбүр болған кезде ғана аяқталмақ. Көбісі оқу қашықтан өтеді деп үміттенуде. Сондықтан олар аса асықпайды. Осы орайда білім беру саласындағы жұмыстардың өте нашар жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Бұл оқулықтармен және компьютерлермен қамтамасыз етуге де қатысты», – деді облыс әкімі.

 

Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова атап өткендей, қазіргі таңда облыста 22 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, олардың тоғызы биыл салынып бітуі керек. Құрылыс жұмыстарына 10,1 миллиард теңге бөлінді. 7,7 млрд теңгеге 42 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Оның 32-індегі жөндеу жұмыстары 30 тамызға дейін, ал алты мектепте күрделі жөндеу тек 30 қыркүйекте аяқталмақ.

«Неліктен жұмыс кешіктіріліп жатыр, неге аудан әкімдіктері тарапынан бақылау жоқ? Аудан әкімдері, әкімдіктердің құрылыс бөлімдерінің басшылары қайда қарап жүр! Менің түсінуімше, мердігерлерге асығар емес. Жаңа оқу жылына аз уақыт қалған кезде неге тиісті шаралар қабылданбайды?», – деді Б.Сапарбаев.

 

Білім басқармасының басшысы нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарының созылуын жұмысшылардың жетіспеушілігімен түсіндірді.

Білім беру саласындағы тағы бір маңызды мәселе – сырттағы мектеп дәретханаларына қатысты. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, олардың бәрі 1 қыркүйекке дейін мектеп ғимараттарына енгізілуі керек еді. Бұл үшін 1,1 миллиард теңге бөлінген. Белгілі болғандай, осы уақытқа дейін 285 дәретхананың тең жартысы ғана көшірілген. Бұл орайда Байзақ, Қордай, Меркі, Шу аудандары айтарлықтай артта қалып отыр.

Өңір басшысы жылы санитарлық тораптармен жабдықтаудағы сылбыр жұмыстар бойынша қатаң ескертулер жасады.

«Бұл біздің өзіміздің балаларымыз. Неге құрылыс кезінде осы туралы ешкім ойламайды? Неліктен дәретханалар арасында бөліктер жасалынбаған? Әр дәретханаға кем дегенде екі миллион теңге жұмсалады. Бұл қарапайым дәретхана салу үшін шынымен жеткіліксіз бе? Оқу жылының басталуына небәрі 10 күн қалды, ал жұмыс аяқталған жоқ. Мен аудан әкімдерінің қалай тыныш ұйықтайтынын түсінбеймін», – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар Б.Сапарбаев облыстағы барлық мектептерде бейнебақылау камераларын орнатуды тездетуді тапсырды. Белгілі болғандай, бейнекамералардың 80 пайызы ескірген десек, оларды сандық камераларға ауыстыру керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button