Алматыда күніне бір дәрігер 30 онлайн-кеңес береді
Бүгін Алматыдағы №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Лаура Малдыбаева қаланың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте карантин кезінде қала тұрғындарының медициналық қызметтерді қалай алатындығы туралы баяндады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Қала тұрғындарының қауіпсіздігі және медициналық мекемелер аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында, қалалық емханаларда онлайн-кеңестер ұйымдастырылды. Кеңес алу барысында пациенттер емделуге тағайындаулар алып, анализ тапсыруға және жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға жолдама алды.
«Онлайн кеңес жақсы нәтиже берді. Науқастардың шағымдарын, жан-жақты берілген мәліметтерін тыңдау арқылы антибиотикотерапия қажет пе, жоқ па, соны анықтауға болады», – деді Лаура Малдыбаева.
Онлайн кеңес дәрігерлерге науқастарды қадағалауға, уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Онлайн-кеңестер маусым айынан бері өткізіліп келеді. №5 қалалық емхананың 3 мыңнан астам пациенті, оларды қызықтыратын мәселелер бойынша онлайн кеңес алды.
«Күніне бір дәрігер 30 онлайн-кеңес береді. Кеңестер түрлі бағыт бойынша жүргізіледі. Көбінесе пневмония, ентігу, кеуде аймағындағы ауырсыну, дене қызуының жоғарылауы мәселелері бойынша кеңес беріледі. Көбіне терапевтік бағыт бойынша кеңестер беріледі», – деді Лаура Малдыбаева.